"Бұл – заңбұзушылық": ІІМ ресми өкілі пранк түсіретіндерге ескерту жасады (видео)
Опубликовано:

Ішкі істер министрлігінің өкілдері пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі өкілдері соңғы уақытта желіде пранк және экстремалды көріністер бейнеленген видеолар жиі таралып жүргеніне назар аударып отыр. Олардың пікірінше, мұндай ойындар мен қауіпті трюктер әлеуметтік желіде "хайп" үшін жасалады.
"Өкінішке қарай, "лайк пен қаралым үшін жарыс" әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шеңберінен шығып кетіп жатыр. Авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге барады. Мұндай әрекеттер жалпыға қауіпті және қоғамдық тәртіпті бұзады", - дейді Шыңғыс Алекешов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері осындай дерек бойынша 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Мысалы, Астанада блогерлер лифтпен "мәйіт" тасып, балтамен шабуыл жасап, видео түсірген. Бұл видео жолаушылардың үрейін ұшырып, қатты қорқыныш тудырды. Аталған қатыгез пранктің барлық қатысушысы 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секірмек болды. Өкінішке қарай, бұл әрекет қайғымен аяқталды — ол ауыр жарақат алып, көз жұмды", - деп мысал келтірген ол.
Ведомство өкілдері мұндай әзілдер қауіпті ғана емес, сонымен қатар әдеп нормаларына сәйкес келмейтінін, қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпсіздікке қол сұғып, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін айтады. Бұл көріністердің куәгерлері көбіне шок алып, күйзеліске ұшырайды. Ал орындаушылар өз өмірлерін қатерге тігеді.
Ішкі істер министрлігі ескерту пранк түсіріп, оны желіде жариялап жүргендерге ескерту жасады.
"Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, дүрбелең туғызатын немесе зиян келтіретін, сондай-ақ адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер — бұл өнер емес, бұл — заңбұзушылық.
Біз осындай контент авторларына үндеу жолдаймыз:
Күмәнді көріністі түсірмес бұрын немесе оған қатыспас бұрын салдарын ой елегінен өткізіңіз;
Өмірде де, интернетте де өзгелердің сезімін, қауіпсіздігін және жеке шекарасын құрметтеңіз.
Заңды сақтаңыздар және құқықтық жауапкершілікке әкелетін әрекеттерге бармаңыздар", - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2259744-bul-zang-buzushylyq-iim-resmi-okili-prank-tusiretinderge-eskertu-zhasady-video/