"Ішкі дүниесіне үрей салады": елімізде сәнге айналған Лабубу қуыршағы бала психикасына қалай әсер етеді
Опубликовано:

Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған, бала біткеннің жүрегін баурап алған Лабубу ойыншығы бала психикасына қалай әсер етеді. Бұл сұраққа психолог мамандар жауап берді, деп жазады almaty.tv.
Баланың жүрегін жаулаған Лабубуға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ата-аналар болса жаңа трендтің қайдан шыққанын түсінбей әлек. Петропавлдық Екатерина Самохвалова 6 жастағы қызының жаңа ойыншыққа қызығып жүргенін айтты. Бұрын Куроми мен түрлі кейіпкерлерге қызығатын жеткіншек Лабубу алуды армандап жүр.
"Қызым да сол ойыншықты алып бер деп жүр. Таңертең келіп бір сұрайды, кешке келіп бір сұрайды. Баланың көңілін қимайсың. "Осындай ойыншық па?" десем, көзі жайнап, қуанып кетеді. Кешке алып келемін деп уәде бердім. Қуансын, біраз ойнайды, сосын бәрібір ұмытып кетеді ғой", - деді қала тұрғыны Екатерина Самохвалова.
Сұраныстың көптігі соншалық, қаладағы дүкендерден Лабубуды табу да оңай емес екен. Сатушылар "жұрт жаңа жеткізілімді күтіп, тапсырысты ертерек беріп қояды" дейді. Ал дүкен иелері болса күніне ондаған Лабубу сатылатынын айтты.
""Қазір осы ойыншыққа сұраныс көп. Балалар да, үлкендер де сұрап жатыр. Кейбіреулер тіпті топтамасын жинайды. Үлкені де бар, кішісі де бар, бәрі әп-әдемі, жұмсақ. Күніне 15–20 данасын сатып жатырмыз. 3 рет тапсырыс бердік, әлі келмей жатыр. Балалар келіп, "маған да Лабубу керек" деп ата-анасына жалынады. Кейбіреуі жылап тұрып сұрайды",-деді дүкен меңгерушісі Кристина Иноземцева.
Ал психолог мамандар ойыншықтың түр-әлпеті бала психикасына әсер ететінін алға тартады. Әсіресе, Лабубудың мимикасы, үрей тудыратын бейнесі, өткір тістері кішкентайлардың дамуына кері ықпал етуі мүмкін.
"Бес жасқа дейін бала барлық нәрсені жақсы деп қабылдайды. Мейірім мен жылулық, махаббат сезімін ұғынады. Ал мына ойыншықты алған кезде баланың дүниетанымы, әр нәрсені қабылдауы өзгеріп, мінез-құлқында агрессия пайда болуы мүмкін. Бала "дос" деген сөзді – мейірім, жылулық деп қабылдайды. Ал бұл құбыжық ойыншық – ашулы, тістеніп тұрғандай көрінеді. Бұл оның ішкі дүниесіне үрей салады", – деді психолог Ғалия Баязитова.
Мамандар ата-аналарға сәнге айналған трендтің соңынан ере бермеу керек екенін ескертеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2259846-ishki-duniesine-urei-salady-elimizde-sange-ainalgan-labubu-quyrshagy-bala-psihikasyna-qalai-aser-etedi/