"Жөтел, ентігу": атыраулықтар бірнеше күн қаланы тұмшалаған түтіннен балалар ауырып қалғанын айтты
Опубликовано:

Атырау табиғи резерватындағы өрт сөндірілсе де, оның зардаптары әлі талқыланып жатыр. Тұрғындар әсіресе балалардың денсаулығына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Ақжайық.
Басылымның хабарлауынша, көп ата-ана балалардың жөтелі күшейіп, дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері жиілегенін айтып шағымданған. Дала өрті кезінде облыстық балалар ауруханасында ұзын-сонар кезек пайда болып, дәрігерлердің жұмысы көбейген.
"Қала түтінге тұншығып тұрған кезде немерем ауырып қалды. Дене қызуы көтеріліп, жөтел басталды, сары ауруы болғандықтан асқынып кетті. Дәрігерге әрең жеттік, бірнеше сағат кезекте тұрдық. Сары ауруы бар балаға күн сәулесі керек, ал ауа тек күйген иіс сасып тұрды. Ауруханада адам көп, орын жетпейді, бәрі кешіктіріліп жасалды.
Басылым мәліметінше, тұрғындар мамандар жетіспеушілігі мен олардың қабылдауын ұзақ күтуге тура келетінін айтып шағымданды.
"Біз болып жатқан жағдайға көз жұма алмаймыз. Кезек күту, мамандардың жетіспеушілігі, қолайсыз жағдайлар – бұлардың бәрі балалардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Жүйе өзгеруі керек, әйтпесе келесі төтенше жағдайда бұл жағдай қайталанады.
Бұған қатысты облыстық балалар ауруханасы басылым тілшісіне түсінік берген.
"2025 жылдың 11-25 маусымы аралығында Атырау облыстық балалар ауруханасына 1892 бала қаралды. Олардың 393-і стационарға жатқызылды, 1495 бала амбулаториялық көмек алды. Қабылдау саны маусымдық өзгерістерге сай келеді және бақылауға алынған. Аурухана штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Пациенттер ағымының көбеюіне байланысты күту уақыты шынында ұзарып кетті, бірақ біздің мамандар әр балаға көмек беру үшін бар күшін салады", - делінген жауапта.
Басылымның хабарлауынша, қала аспанындағы түтін сейілгенімен, балалар денсаулығын қорғау жүйесіне қатысты мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Ата-аналар экология мен медицина тығыз байланысты екенін айтады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2259876-zhotel-entigu-atyraulyqtar-birneshe-kun-qalany-tumshalagan-tutinnen-balalar-auyryp-qalganyn-aitty/