Түркістан облысында Қаңлы кезеңіндегі ақсүйек көшпенді жауынгердің қабірі табылды (фото)
Опубликовано:

Түркістан облысында ғалымдар Қаңлы кезеңіндегі ақсүйек көшпенді жауынгердің қабірін тапты, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығының ғалымдары Нидерландтың Лейден университетінің ғалымдарымен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізген.

Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспан ауылы маңында орналасқан Төлебайтөбе-2 қорымдары зерттелген.
Қазба жұмыстары барысында б.з.д. I ғасыр мен б.з. IV ғасырына жататын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылған. Ол жерде ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталған.

"Бұл – қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар арқылы дәлелденіп отыр. Ерекше назар аударарлығы – үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселген және мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерленген.
Ағаштың жақсы сақталған бөліктері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көрсетеді. Алебастр гипстен жасалған бойтұмарлар сол замандағы наным-сенім бойынша зұлым күштерден қорғаушы ретінде қойылған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ қабірден жылқының азу тісі, келесі обадан төмен температурада бағалы металлдарды балқытуға арналған, ғылыми айналымда "тигел" деп аталатын сирек кездесетін керамикалық ыдыс табылған.

Ғалымдар бұл – сол кезеңдегі металл өңдеу технологиясына қатысты маңызды жаңалық дейді.
Айта кетерлігі, обалар ежелгі дәуірде бірнеше рет тоналғанына қарамастан қазба жұмыстарының нәтижесінде маңызды деректер мен жәдігерлер табылып отыр. Зерттеу жұмыстарына арнайы меморандум аясында "Ордабасы" ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері де қатысқан.

Лейден университетінің антрополог жас ғалымы Полина Колмогорова бұл зерттеу жұмыстары Қазақстанның көне тарихының ашылуына, Қаңлы кезеңінің мәдениеті мен салт-дәстүрін тануға үлес қосатынына сенім білдіріп, археологиялық зерттеулерді алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2261901-turkistan-oblysynda-qangly-kezengindegi-aqsuiek-koshpendi-zhauyngerding-qabiri-tabyldy-foto/