"Ірі көлемде пара алу және беру": ҚМА бұрынғы вице-министрлерге қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді
Опубликовано:

Алматыда лауазымды тұлғаларға қатысты ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ және "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС-ның лауазымды тұлғаларына қатысты ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Тергеу барысында "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз мүдделерін өткізу мақсатында "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақылар бергені анықталды", - делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кезекті 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде мына тұлғалар ұсталған:
- Р. Омаров – "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС-ның бас директоры;
- А. Сарбасов – "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның басшысы, бұған дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі қызметін атқарған;
- Д. Арғандықов – "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұрын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.
"Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 370 мың АҚШ доллары және 4,5 млн теңге көлемінде ақша қаражаты тәркіленді.
2025 жылғы 30 маусымда сот санкциясымен А.Сарбасовқа, Р. Омаровқа және Д.Арғандықовқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда", - делінген хабарламада.
Агенттік ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлім етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2261925-iri-kolemde-para-alu-zhane-beru-qma-buryngy-vitse-ministrlerge-qatysty-tergeu-bastalganyn-malimdedi/