14 жасар қазақстандық ғалым бетонның жаңа түрін ойлап тапты
Опубликовано:
Құрылыс технологиясында нанобетон түсінігінің тарағанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Нанобетон технологиясына еніп отырған тағы бір тың жаңалық – 14 жастағы қазақ баласының еңбегі
Дінмұхамед Серік, Астана қаласы №3 орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Бетонның жаңа түрін ойлап тапқан ғалым. Қатарластарының көбі сияқты спорт пен ғаламтордан гөрі, физика, химия ғылымдарына бейім.
7-8 сынып оқып жүргенде жазған "Пленарлық центртепкіш диірмен" атты ғылыми жобасы Астана қалалық конкурсында екінші орынды иеленген. Осы жұмысынан кейін бірден қолға алған ізденісі – біз айтып отырған нанобетон саласындағы тың әрі тиянақты, ұзақ мерзімге жарайтын жоба болып отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, Дінмұхамед құрылыста қолданылатын бұрынғы бетондардың қалыңдығынан әлдеқайда жұқа, ыңғайлы, сапасы жоғары, құны арзан, ең бастысы - суыққа өте шыдамды, мүлде су өткізбейтін және кез келген пішінге келе кететін бетонды ойлап тапты.
Жас ғалымның жобасына бірнеше отандық және шетелдің кәсіпорындар қызығушылық танытып отыр.
Дінмұхамедтің жобасы болашақта өте сұранысқа ие өнім бола алады. Біріншіден, бұл бетонды дайындау жолы оңай әрі экономикалық шығындары аз. Мысалы, қарапайым бетондар булау арқылы әзірленсе, бұл нанобетон түрін булаудың қажеті жоқ.
Екіншіден, осы әдіспен дайындалған жобаға кәдімгі көкке ұшып жатқан күл мен жердегі құмды қосу арқылы бағасы тым қымбат керамикалық тақтайлардың түр-түрін алуға болады. Осыдан барып, жобаның экологияға да әкелер пайдасын көреміз. Яғни, бетонды булаудан шығатын зиянды қалдықтар мен кәсіпорындардың ауаға шығаратын күлін жерге төкпей, керісінше, пайдаға асыруға болатынын байқауға болады.
Дінмұхамед құжаттарын Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдар арасында жариялайтын байқауына тапсырды. Оның нәтижесі тамыз айында шығуы тиіс. Егер жас ғалым министрліктің арнайы грантына ие болып жатса, өз әдісін өндіріске енгізу жолдарын іздейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/226550-14-zhasar-kazakstandyk-galym-betonnyn-zhana-tyrin-ojlap-tapty/