Алматыдағы көшелердің біріне марқұм Денис Теннің аты берілуі мүмкін
Опубликовано:
Алматыдағы көшелердің біріне марқұм даңқты спортшы Денис Теннің атын беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Агенттіктің жазуынша, Алматы мәслихатының Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссияның отырысында қала көшелеріне атау беру мәселесі қаралған.
Отырысқа Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев және өзге мәслихат депутаттары, сондай-ақ Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет қатысқан.
Жарияланған отырыс хаттамасына сәйкес, Алматыда 156 көшеге жаңадан атау беру жоспарланған.
Атап айтқанда, Алатау ауданы бойынша 10 көшеге, Әуезов ауданы бойынша 4 көшеге, Бостандық ауданы бойынша 45 көшеге, Жетісу ауданы бойынша 4 көшеге, Медеу ауданы бойынша 7 көшеге, Наурызбай ауданы бойынша 86 көшеге жаңа атау беру қарастырылған.
Бостандық ауданының "Архат" шағын ауданындағы 7-көшесіне Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің, Алатау ауданындағы көшелерге ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов және вьетнамдық қоғам қайраткері Хо Ши Мин есімдерін, Жетісу ауданындағы көшелерге Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібековтің және өзге де тарихи тұлғалардың атын беру жоспарланған.
Kazinform сауалына жауап берген Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің мәліметінше, көше атауларын өзгерту мәселесі алдағы уақытта Республикалық ономастика комиссиясына қаралады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2268099-almatydagy-koshege-marqum-denis-tenning-esimi-berilui-mumkin/