Астанада түнде ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына айыппұл салынып жатыр
Опубликовано:
Астанада сағат 23:00-ден кейін жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына айыппұл салынып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елордалық полицейлер 27-29 шілде аралығында "Түнгі қаладағы балалар" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапқа тартып жатыр.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүрген жағдайларын анықтау және жолын кесу.
"Жыл басынан бері түнгі уақытта ата-аналарының немесе заңды өкілдерінсіз 4559 жасөспірім анықталған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп екенін байқаймыз. Көбіне жасөспірімдер сауда-ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда, компьютерлік және түнгі клубтарда түнгі уақытта көп жүреді. Негізгі назар – түнгі уақытта қоғамдық орындарда ата-аналарынсыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдерге аударылды", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері мен басқа да мүдделі органдар өкілдері жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының сақталуына назар аударылды. Аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған тұлғаның (18 жасқа дейін) түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) қоғамдық орындарда ата-анасының немесе заңды өкілінсіз жүруі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін ата-аналарға ескерту, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Елорда әкімдігінің өкілдері ата-аналарға ескерту жариялады.
"Балаңыздың күн тәртібін қадағалаңыз: сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде және 23:00-ден кейін үйден тыс жерде ересектерсіз болуына жол бермеңіз. Әсіресе, демалыс кезінде баланың бос уақытын бақылауда ұстаңыз. Қиындық туындаған жағдайда немесе көмек қажет болғанда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құзыретті органдарға жүгініңіз", - дейді әкімдіктегілер.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2269761-astanada-tunde-eresekterding-qarauynsyz-zhurgen-zhasospirimderding-ata-analaryna-aiyppul-salynyp-zhatyr/