jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Айтолқын Адырбай
Айтолқын Адырбай
Қазақ редакциясының шеф-редакторы

"Өмірін құрбан етіп, қаруластарын аман алып қалды": 20 жыл бұрын Иракта қаза тапқан офицерге ескерткіш ашылды

Офицер Қайрат Құдабаевқа қойылған ескерткіш
Офицер Қайрат Құдабаевқа қойылған ескерткіш. Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында бейбітшілік пен қауіпсіздік жолында өмірін қиған офицер капитан Қайрат Құдабаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы тиісті ведомство ресми сайтында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Монумент Алматы облысындағы Нұрғиса Тілендиев ауылы маңында орналасқан "Бітімгер" оқу орталығының аумағына орнатылды. Капитан Құдабаев – Ирактағы бітімгерлік миссияны орындау кезінде қаза тапқан қазақстандық жалғыз әскери қызметші.

"2005 жылғы 9 қаңтарда Васит провинциясында оқ-дәрілерді эвакуациялау операциясы барысында жарылыс болды. Ол өз өмірін құрбан етіп, қарулас достарын аман алып қалды. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оған I дәрежелі "Айбын" ордені (қайтыс болғаннан кейін) және бірқатар халықаралық марапаттар берілді.

Салтанатты рәсімге Бітімгерлік операциялар орталығының басшылығы, Қазақстан Республикасы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері одағының өкілдері, әріптестері мен Қайраттың туыстары қатысты. Қатысушылар батырдың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды", - делінген хабарламада.

Салтанатты бөлімнен кейін қонақтар Бітімгер музейіне барды. Онда капитан Қайрат Құдабаевқа арналған арнайы экспозициялық бұрыш жасалған. Мұнда оның жеке заттары, фотосуреттері, марапаттары, қызметі мен ерлігі жайлы баяндайтын мұрағаттық материалдар жинақталған.

"Бүгін Қайрат арамыздан кеткеніне тура 20 жыл толып отыр. Біз оның күлімсіреген жүзін, мейірімділігін, айналасына сыйлаған жылулығын ұмытпаймыз. Оның бұл дүниеден кетуі – отбасымыз үшін, әсіресе анамыз үшін ауыр соққы болды. Қаһарманды құрметтеп, оның ерлігін ұмыт қалдырмағаны үшін Жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері одағы мен Орталық басшылығына шын жүректен алғысымызды білдіреміз", - деді батырдың ағасы Бауыржан Құдабаев.

Салтанатты шара барысында ескерткіштің орнатылуына белсенді атсалысқан Орталықтың әскери қызметшілеріне Ардагерлер одағы атынан естелік медальдар табысталды. Капитан Қайрат Құдабаевтың есімі – ерлік, ар-намыс пен антына адалдықтың символы ретінде қазақстандық бітімгерлік тарихына мәңгілікке жазылды.

"Өмірін құрбан етіп, қаруластарын аман алып қалды": 20 жыл бұрын Иракта қаза тапқан офицерге ескерткіш ашылды

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.