jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Ақтөбені аббаттандыру туралы қала әкімінің ұсынысын кәсіпкерлер қолдады

Әйелдер саябақта серуендейді
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ақтөбеде қаланы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Биыл қала әкімі Азамат Бекет бұрын-соңды көктем-күзде балшық болып езіліп, бос жатқан учаскелерді игеру жұмыстарын қолға алды. Ол үшін бюджет қаражатына иек артпай, қаланың ірі кәсіпорындары мен кәсіпкерлерін тартты. Қала әкімінің шаһарды көркейтуге үлес қосу туралы ұсынысын қабыл алған кәсіпорындардың демеушілігімен қазір қалада 13 кеңістікте скверлер мен саябақтар жаңадан салынып, ескілері жаңартылып жатыр.

Соның бірі – М.Маметова көшесінің бойындағы бос жатқан 30 сотық учаске. Жауын-шашында балшығы иленіп, тұрғындардың өтуіне қолайсыз болған кеңістік бас-аяғы 3 айдың ішінде шағын скверге айналды.

Мұнда 1000 шаршы метр жерге жаяу жүргіншілер жолы төселді, 900 шаршы метрге автотұрақ сыйды, заманауи орындықтар қойылып, заманауи түнгі шамдар қараңғы кеңістікке жарық беріп тұр. Сондай-ақ 2,500 шаршы метрге газон егілді, кәсіпкер келесі көктемде ағаш түрлерін, гүлдер отырғызады. Жасыл желекті суару жүйесін тарту үшін 17 метр тереңдіктен ұңғыма қазылып, су шығарылды.

Саябақтағы адамдар
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ал қала әкімінің ұсынысын қолдаған демеушілердің қаржысына салынып жатқан скейт-парк жақын арада пайдалануға беріледі. Мұндай кәсіби скейт-парк Ақтөбеде алғаш рет салынуда. Скейт-паркте спортпен шұғылдануға, скейт тебуге және ВМХ велосипедтеріне, соның ішінде сырғанауға арналған рампа болады.

"Біз қаланы абаттандыру жұмыстарын күшейттік. Бұл істе бізге қаламыздың жанашыр азаматтары – кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр. Бос кеңістіктерде тұрғындардың демалысына қолайлы аймақтар жасақтау арқылы біз қалалық орта қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз. Сондай-ақ қала ішіндегі бірқатар учаскені жеке меншіктен мемлекет қорына қайтарып, тұрғындар игілігіне жарату үшін саябақтар салу жұмыстарын жүргізудеміз", - деді Азамат Бекет.

Азамат Бекет
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Сол сияқты, Алтын орда шағын ауданының Мәңгілік ел және Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысындағы бос жатқан учаске қарағайлы саябаққа айналып келеді. Өткен күзде бұл жерге ақтөбеліктер 100 қарағай отырғызылған болатын. Биыл демеуші компания қала әкімдігі ұсынған жобаға сәйкес, тұрғындардың демалысына ыңғайлы орта қалыптастырды.

Саябақтағы адамдар
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Қала ішінде ғана емес, қаланың тұрғын алаптарында да абаттандыру жұмыстары жалғасын тапты. Мәселен, 50 мыңнан астам тұрғыны бар Есет батыр тұрғын алабында көп қабатты үйлердің арасында бос жатқан 1,5 гектар жер телімі қазір жаңа саябаққа айналып келеді. Жаяу жүргіншілер жолдары төселді. Балалардың ойын алаңы, футбол алаңы, демалып отыратын орындар, жүгіру жолағы болады, суару жүйесі, жарықтандыру шамдары орнатылады.

Саябақ жоспары
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ал "Қоныс" спорт кешені ауданындағы бос жатқан 2 гектар аумақтың бір бөлігі жеке меншіктен сот арқылы қалаға қайтарылып, қазір ақтөбеліктердің тілегі бойынша әдемі саябаққа айналып келеді. Жақын күндері пайдалануға берілетін жаңа саябақта модульдік амфитеатр, жазғы кафе аймақтары, балалардың ойын алаңы және спорт алаңдары, жүгіру жолағы, қоғамдық дәретханалар, автотұрақ және тұрмыстық қатты қалдықтар контейнерлеріне арналған аймақ жабдықталды. Көгалдандыру алаңы 14,6 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ 7,3 мың шаршы метрден астам алаңға тротуар төселді, 418 саябақ шамдары мен сәулеттік жарықдиодты шамдар, шағын сәулет нысандары мен парк жиһаздары орнатылып жатыр.

Жалпы Ақтөбеде биыл қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды қоғамдық кеңістіктер көбейді. 21 субұрқақ жаз бойы тоқтаусыз жұмыс істеп, қаланың көркін арттыра түсті.

Ақтөбені аббаттандыру туралы қала әкімінің ұсынысын кәсіпкерлер қолдады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.