jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз

Әлеуметтанушылар: Ең оптимист қазақстандықтар ТМК орналасқан қалаларда тұрады

Қалалық көше
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Тау-кен металлургия кешені (ТМК) орналасқан қалалардың тұрғындары елдегі орташа деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда оптимист екені анықталды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бұл қалалардағы әлеуметтік оптимизм деңгейі 52 пайызды құраса, республика бойынша көрсеткіш – 37 пайызға жетеді.

Аталған деректер 2024 жылы жүргізілген сауалнама барысында белгілі болды. Зерттеу барысында бес қаланың жағдайы жалпыұлттық көрсеткіштермен салыстырылды.

"Қазақстанның тау-кен металлургия кешені: экономикалық үлесі және орнықты даму перспективалары” атты баяндаманың таныстырылымында зерттеу қорытындылары жарияланды. Жобаның бастамашысы – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы. ҰКП басқарма төрағасының орынбасары әрі ТМК дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі саланы жүйелі талдау қажеттілігі бұрыннан бері күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

Әлеуметтанушылар Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Рудный және Хромтау қалаларындағы кәсіпорындардың әлеуметтік-экономикалық ықпалына қатысты баяндаманың нәтижелерін ұсынды.

Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі өз қалаларындағы жағдайды оң бағалаған (29 пайыз) немесе бейтарап көзқарас танытқан (58 пайыз). Ал респонденттердің көпшілігі тұрмыс жағдайының жақсарғанын атап өтті.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, моноқала тұрғындарының үштен бірі табысына қанағаттанады. Ең жоғары көрсеткіш Хромтау, Рудный және Жезқазған қалаларында тіркелген. Бұл өңірлерде респонденттердің 50 пайыздан астамы табысына көңілі толатынын айтқан.

Ал тау-кен металлургия кешені қызметкерлері — қаржылай тұрғыдан ең сенімді топ. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы өз жалақысын жайлы өмір сүруге жеткілікті деп бағалаған.

" Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, тау-кен металлургия кешені орналасқан қалалардың тұрғындары ел бойынша орташа деңгеймен салыстырғанда болашаққа әлдеқайда оптимистік көңіл күйде. Бұл қалаларда әлеуметтік оптимизм көрсеткіші – 52 пайыз, ал республика бойынша – 37 пайыз. Жалпы алғанда, респонденттердің 54 пайызы алдағы уақытта тұрмыс жағдайы жақсарады деп үміттенеді. Болашаққа сенімі ең жоғары топ – ТМК қызметкерлері мен білім алушылар. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірі кәсіпорындарды басты қолдау көзі ретінде атаған. Ал 40 пайызының отбасында ТМК саласында еңбек ететін адам бар екені белгілі болды. Бұл табыс тек отбасының ғана емес, балалар мен зейнеткерлердің де күнкөрісін қамтамасыз етіп отыр”, – деді “Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының әлеуметтанушысы Ольга Симакова.

Зерттеу нәтижелері бойынша, моноқала тұрғындары өз әлеуетіне және жергілікті кәсіпорындарға сенім артады. Тау-кен металлургия кешенінің компаниялары тек тұрақты жұмыс беруші ғана емес, сонымен бірге шағын бизнестің дамуына, инфрақұрылымның өркендеуіне және тұтынушылық сұраныстың өсуіне ықпал етіп отыр. Сонымен қатар олар білім беру, денсаулық сақтау және қайырымдылық жобаларын да қолдап келеді. Сауалнамаға қатысқандардың 69 пайызы ТМК компаниялары қаладағы өмір сапасына оң ықпал етеді деп санайды.

Қазіргі уақытта бұл салада 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қосалқы салаларды қоса есептегенде, жұмыс орындарының жалпы саны 600 мыңға жуықтайды. ТМК қызметі 16 моноқаланың тіршілігіне тікелей әсер етуде. Бұл қалаларда 1 млн астам тұрғын өмір сүреді, ал өндіріс көлемі 658 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар ТМК шағын және орта бизнестің, көлік, энергетика және машина жасау салаларының дамуына серпін беріп, елдегі теміржол жүк айналымының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Әлеуметтанушылар: Ең оптимист қазақстандықтар ТМК орналасқан қалаларда тұрады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.