Сауда министрі сиыр етінің бағасын тұрақтандыру үшін қандай шара қолданылып жатқанын айтты
Опубликовано:
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Арман Шаққалиев жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс ұйымдастырылғанын және бақылауда екенін атап өтті. Айтуынша, апта сайын кеңестер өткізіледі, онда әрбір тауар мен өңірдегі мәселелер жедел түрде шешіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі жыл басынан бері 100,8 пайыз, тамызда 0 пайыз, қыркүйектің алғашқы үш аптасында 0,1 пайыз болды.
"Көкөніс тобы тамыз айының басынан бастап картоп, сәбіз және пияз сияқты өнімдерге бағаның өсуін орта есеппен 2,5 есе төмендете алды. Тұз, жұмыртқа, картоп және күнбағыс майы бойынша отандық өндірушілермен жыл соңына дейін бағаны белгілеу жөнінде меморандумдар жасалды. Макарон өнімдері, ұн және күріш бойынша индекс көрсеткіші төмендеген", - деді Арман Шаққалиев.
Ішкі нарықты толықтыру үшін 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды, сонымен қатар ет әкетуде ветеринарлық бақылауды күшейту және сиыр етін экспорттау квотасын тек ет өңдеуші кәсіпорындарға белгілеу жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.
Одан бөлек, сиыр еті бойынша фермерлерден сауда желілеріне ет жеткізуді қамтамасыз ету үшін сауда желілерімен келісімге қол жеткізілді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемді Ауыл шаруашылығы министрлігі қамтамасыз етеді.
Бақылау шаралары аясында және делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы барысында тиімсіз делдалдар анықталып, жойылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі ет нарығындағы, соның ішінде сиыр етіне қатысты жағдайға байланысты жедел желіні іске қосқанын хабарлаған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2289390-sauda-ministri-siyr-etining-bagasyn-turaqtandyru-ushin-qandai-shara-qoldanylyp-zhatqanyn-aitty/