Қостанай облысында ауқымды іздеу жұмысының нәтижесінде жоғалған жасөспірім қыз аман-есен табылды
Опубликовано:
Қостанай облысында дамуында ерекшелігі бар 14 жастағы қызды іздеуге бағытталған ауқымды жұмыс сәтті аяқталды. Жасөспірім аман-есен табылып, анасымен қауышқан, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Медиа-порталдың жазуынша, 24 қыркүйек кешкісін Успенов ауылының тұрғыны қызының жоғалып кеткенін айтып, Федоров аудандық полиция бөліміне жүгінген.
Әйелдің айтуынша, туғаннан бері сөйлеу қабілеті бұзылған әрі дамуында ерекшелігі бар қызы үйінен белгісіз бағытқа кетіп қалған. Жасөпірім қыз үйден жеңіл киіммен шығып кеткен.
Жасөпірімді іздеуге дереу барлық жедел қызмет жұмылдырылған. Полиция, ТЖД, қызметтік иттері бар кинологтар, "Регион 10", "Барс", "ДОС" ерікті іздестіру-құтқару жасағы, сондай-ақ мұғалімдер, әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары тартылған. Түнде шамамен 300 адам ауылды, маңайдағы егістік пен орман алқаптарын түгел қарап шыққан.
Таңғы беске қарай іздеуге Қостанай, Қостанай ауданы мен Рудныйдан қосымша күштер жіберілген. 66/97 әскери бөлімінің 100 әскери қызметшісі жұмылдырылған.
Таңертең іздеуге 500-ден астам адам қатысқан, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жылуіздегіш құрылғылар мен техника қолданылған. Операция Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасарлары Нұрбол Саден мен Аманжол Байзақовтың жеке бақылауымен өткен.
Іздеу жұмыстары ондаған гектар аумақты қамтығанына қарамастан, іздеу бір минутқа да тоқтатылмаған. Таңғы сағат 8:00 шамасында ауылдан екі шақырым жердегі орман белдеуін тінту барысында төрт полицейден құралған топ жасөспірім қызды байқап қалған.
Адамдарды көргенде ол әуелі қашпақ болған, алайда кейін тоқтап, өз еркімен полицейлерге қарай жүрген. Санаулы минуттардан соң қыз анасымен аман-есен қауышқан.
Осы орайда полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салады.
"Құрметті ата-аналар! Өтінеміз, мұқият болыңыздар. Әсіресе даму ерекшелігі бар балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Балаларыңызға төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндіріңіздер, олардың жүретін бағытын бақылап, үнемі байланыста болыңыздар", - дейді Қостанай облысы ПД өкілдері.
Полиция қызметкерлері бала жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажеттігін айтты. Себебі, уақыт шешуші рөл атқарады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2290329-qostanai-oblysynda-auqymdy-izdeu-zhumysynyng-natizhesinde-zhogalgan-zhasospirim-qyz-aman-esen-tabyldy/