Қостанайда жедел жәрдем бригадасы шаршап- шалдыққан шетелдік автосаяхатшы әйелге көмекке келді
Опубликовано:
Қостанай облысы Аманқарағай ауылында жедел жәрдем бригадасы ұзақ жолдан шаршаған барселоналық автосаяхатшы әйелге көмектесті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Аманқарағай ауылында медицина қызметкерлері шетелдік туриске қонақжайлылық пен қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Олар кезекті шақыртудан қайтып келе жатқанда жол бойында тоқтап қалған автокөлікті байқаған. Көліктің ішінде әйел адам болған.
Қытайда туып, ұзақ жылдар бойы Норвегияда тұрып, кейін Барселонаға қоныс аударған 57 жастағы саяхатшы Нэнси бірнеше ай бұрын автосаяхатқа аттанған. Алдымен Шанхайға ұшып барып, сол жерде автокөлік-үй сатып алған. Сол көлігімен Еуразия арқылы Еуропаға жол тартқан.
"Әулиекөл аудандық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері Нэнсиді өз станцияларында паналатты. Жылытып, тамақтандырып, қан қысымын, қант деңгейін және дене қызуын өлшеді.
Әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Дегенмен фельдшерлердің кеңесімен және ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, Нэнси түнді Аманқарағайда өткізді. Ертең сапарын жалғастырады. Станция жүргізушілері аккумуляторды қуаттап, көліктегі ұсақ ақауларды жөндеуге көмектесті", - делінген хабарламада.
Нэнсиді алда Германия, Франция, Чехия және Италия күтіп тұр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2304948-qostanaida-zhedel-zhardem-brigadasy-sharshap-shaldyqqan-sheteldik-avtosaiahatshy-aielge-komekke-keldi/