Таразда дәрігерлер науқасқа қателесіп 2 рет операция жасаған
Опубликовано:
Біліксіз дәрігерлер тағы бір адамның өмірін жалмап тынды! Бұл жолы Тараз қаласының тұрғыны Теңдік Қожахмет қалалық №1 ауруханаға емделем деп барып жантәсілім еткен.
КТК арнасының хабарлауынша, оның ішегіндегі қатерлі ісікті дәрігерлер дереу тапса, апталдай азамат тірі қалар еді дейді туыстары. Іш құрылысына 2 рет операция жасаған ақ халаттылар Теңдік Қожахметтің қатерлі ісікке шалдыққанын тым кеш ұққан. Тіптен сараптама да туыстарының жағында. Дегенмен аурухана қызметкерлері өз кінәсін әдеттегідей мойнына алмай отыр.
Теңдік Қожахметтің жесірі Құдай қосқан қосағының бейітіне күнде келеді. Зират басын барлап қарайды, жан жағын жинастырып қояды. Күні кеше ғана арқасүйері болған атпалдай азаматынан айрылып қалғанына да сенгісі жоқ, алайда амал қанша?! Ішім бүріп тұр деп ауруханаға барған Теңдікке дәрігерлер екі рет ота жасаған. Мүлдем басқа диагноз бойынша. Ақырында ішегінде қауіпті ісігі бар екенін анықталған. Яғни қайта пышақ тигізуге мүмкіндік болмай қалған.
Мира Көшінбетова, Теңдіктің жесірі:- Бір ай жатып бір ай бойы ішіне мынанша қайшы тығып бір ай жатқызды. Укол салған жоқ, витамин салған жоқ. Керісінше ішегінен кал мен қан араласып ақты. Мен қанша рет бардым жеңгеммен ағаммен берші саған ештеңе жазбаймыз рак деген қағаз берші деп. Бермеді, бар қайда барсаң сонда бар Құдайыңа бар деді.
Онкологиялық ауруханада бір ай жатып соңында үйіне жіберілген азаматтың сырқаты дереу өршіген. Қатерлі ісіктің 4-ші сатысы дегенде барлығының үміті бірақ үзілген. Дәрігерлер жұмысын жіті тексеретін орталықта бұл өлім ақ халатты жандардың істеріне олақ қарауынан деп кесіп айтты.
Алла Шүкір Таушан, Жамбыл облысы медициналық қадағалау департаментінің бас маманы:
-Тексеру нәтижесінде 1 қалалық ауруханада Қожахмеитовқа операциялық емнің дұрыс жасалмағаны анықталды. Атап айтқанда оның ішкі құрылысда кездескен инфильтрат ауруына ота жасалған. Мұның ішегіндегі рак ауруын уақытылы анықтап қажетті ота жасауға болатын еді.
Жанарын жасқа шылаған қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық істің қозғалуы ықтимал. Барлығы сот-медициналық сараптаманың шешіміне байланысты. Марқұмның туыстары болса сүттен ақ, судан тазамыз деген дәрігерлерден моральдық шығын өндіріп алуға ниетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/233634-tarazda-derigerler-naukaska-katelesip-2-ret-operacziya-zhasagan/