Наурызда Қазақстанда күн райы қандай болады: синоптиктер болжамы
Опубликовано:
Синоптиктер 2026 жылғы наурызға арналған Қазақстан бойынша күн райы болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, көктемнің алғашқы айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіледі. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Метеорологтардың мәліметінше, наурызда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 1°С жоғары, ал оңтүстік-шығыс бөлігінде нормаға жуық болады (Жетісу облысының басым бөлігінде, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында).
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп, ал Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының шығысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының солтүстігінде нормаға жуық болады деп болжанады.
Ай бойы Қазақстанның барлық дерлік өңірінде күн құбылмалы болады. Жауын-шашын түседі, кей күндері қатты жауын-шашын күтіледі: елдің солтүстік жартысында негізінен қар, батыс және оңтүстік жартысында жаңбыр және қар аралас жаңбыр жауады. Жел күшейіп, боран, тұман және көктайғақ болуы да ықтимал.
Наурыз айының бірінші жартысында аязды күндер мен жылымықтың алмасуы байқалады.
Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде қар жауып, боран соғып, жиі көктайғақ пен тұман күтіледі. Дегенмен кейбір күндері көктемнің лебі сезіледі. Бірінші онкүндікте түнгі температура -28...-38°С-тан -5...-10°С-қа дейін, күндіз -10...-20°С-тан 0...-8°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды. Онкүндіктің соңында температура қайта төмендейді.
Батыс өңірлерде де наурыз айы құбылмалы болады. Ай бойы суыту мен жылыну кезеңдері алмасып отырады. Бірінші онкүндікте түнде -5...-15°С-тан 0...-5°С-қа дейін, күндіз 0...-8°С-тан -3...+7°С-қа дейін ауытқиды.
Қазақстанның оңтүстік жартысында бірінші онкүндікте түнгі температура -8...+2°С-қа дейін, күндіз +5...+15°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -3...+2°С-тан -8...-15°С-қа дейін, кей жерлерде -20...-25°С-қа дейін, күндіз +5...+13°С-тан 0...-8°С-қа дейін ауытқу күтіледі.
Оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде кей күндері күндіз +13...+22°С-қа дейін, ал қиыр оңтүстікте +27°С-қа дейін жылынады. Антициклон ықпалымен қысқа мерзімді суық толқындары болуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2349711-nauryzda-qazaqstanda-kun-raiy-qandai-bolady-sinoptikter-bolzhamy/