Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Темір тұлпар қожайындарына "естен тандыру" терапиясы болатын заң қабылданды

Опубликовано:

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің көптен күткен тура осындай мүддені күйттейтін жаңа заң жобасын шенді-шекпенділерге таныстырғаны мәлім болды.

Аталған жаңа заң жобасында еліміздің бірқатар заңнамасына, әсіресе салыққа тікелей қатыстыларына 122 түрлі өзгеріс енгізілген екен. Онда жер теліміне, жыл­жы­майтын мүлікке, ішімдік және темекімен қатар, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл автокөліктерге, жүк көтеру көлемі 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктеріне салынатын салықтардың сомасы түбегейлі өзгеріске ұшыраған.

Бұл арада бірден төрт жарым есеге дейін қымбаттаған салық түрлері де бар екен. Ішімдік пен темекі акциздерінің қым­баттау мүмкіндігі өткен жылдың соңында бел­гілі болған. Ол кезде Кеден одағына мүше мемлекеттер осы бағыттағы заңды үйлестіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған еді.

Өздеріңізге белгілі, алко­голь өнімдері мен табак салығының көлемі Ресей мен Беларусь елдерінде бізге қара­ғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл арада Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік­тегі салық көлемін теңестіруге байланысты өзгеріс орын алмақшы.

Ал жер телімі мен жылжымайтын мүлікке қатысты орын алуы ықтимал жаңашылдық осы бағыттағы салық көлеміне көптен бері өзгеріс енгізіл­меуімен байланысты болса керек. Мұнда біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көп бөлігі игерілмей жатқанына бай­ланысты мәселе шешіміне қатысты өз­геріс­тер де бар көрінеді.

Бәрінен бұрын бұл арада көлік салығы 4,5 есеге артпақшы екен. 1100-ден 3000 текше см қозғалтқыш­тағы жеңіл автокөліктердің салық мөлшер­лемесі бұрынғыдай сол күйі қалдырылса, ал "моторы" 3000-нан жоғары 4000 тек­ше см-ді құрайтындарына алдында бірдей 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 26 мың теңге салық салынса, бола­шақ­та осы топқа жататын машиналардың өзі үшке бөлініп, үш түрлі салық төлейтін бо­лыпты.

Мәселен, қоз­ғалтқыш көлемі 3500-ден жоғары 4000-ға дейінгі текше см құрайтын ав­токөлік иесі қазір бюджетке 26 мың теңге салық төлесе, ендігі кезекте ол 114 мың 250 теңгеге қалтасын қағуы тиіс.

Сол секілді жүк көтеру мүмкіндігі бойынша ауыр көліктер ішінде 5 тоннадан асатындарға қазір ең жоғары салық (9 АЕК) салынады.

Аталған заң жобасында ұсынылып отырған норма бойынша бұл категория да үшке бөлінген: 5 тоннадан жоғары 10 тоннаға дейін (9 АЕК), 10 тон­на­дан жоғары 15 тоннаға дейін (15 АЕК), 15 тоннадан жоғарылар (100 АЕК). Бұл ретте осыған дейін 15 тоннаға дейін жүк көтеруге рұқсат берілген жүк көліктері жыл сайын ел қазынасын 15 579 теңгемен толық­тырса, енді олар 173 100 теңге беруі керек.

Әрине, мұндай төрт жарым есе қым­бат­тау дәу "темір тұлпар" қожайындарына "естен тандыру" терапиясы ретінде әсер етері сөзсіз. Нәтижесінде мәртебесін өзіне лайық деп санаған біздегі бай-бағландар бюджетке жоғары салық төлеуден бас тартпауы тиіс немесе таңдауын үнемшіл көлікке бұруы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/273545-temir-tylpar-kozhajyndaryna-esten-tandyruterapiyasy-bolatyn-zan-kabyldandy/