Белгілі компания өз жарнамасында жетігенді аяққа таптаған
Опубликовано:
"Айқын" газеті өткен сандарында "ФудМастер" компаниясы түсірген жаңа жарнамалық роликтің таралымына түбегейлі қарсылығын білдірген еді.
Осыған байланысты "Жетігеннің үстінде билеу жетесіздік емес пе?!", "Жетігенді таптауға қалай жол береміз?", "Жетігенді аяққа таптау – түркі халықтарының намысына тиіп отыр" деген тақырыпта үш бірдей жанайқай жарияланған болатын.
Нәтижесінде, ұлттық мұрамызды мазаққа айналдырған жарнама 15 шілдеден бастап тоқтатылып, барлық телеарналардың эфирінен алынып тасталды.
Жарнаманың сюжетіне тоқтала кетсек, "ФудМастер" ұсынған табиғи йогурттегі ас қорытуға арналған табиғи ингриденттер мен пайдалы бактериялар өзіңізді жеңіл сезінуге мүмкіндік беретіні соншалық, тіпті жеңіл әуенге де билеп кетесіз" деп басталатын мәтін барысында әуелі отанасы, сосын отағасы қазақтың көне аспабы – жетігеннің үстінде қол ұстасып билей жөнеледі.
Ол аздай сәлден кейін олардың қатарына балалары келіп қосылады. Бүтіндей бір отбасының ұлттық мұрамыздың әр шегіне шығып, асыр салуына қарағанда, жарнама иелері жетігеннің шығу тарихынан мүлдем хабарсыз сияқты.
Ал жарнама авторлары "Қайта аспапты насихаттап жатқанымызға рақмет айтпайсыздар ма?" дейтін көрінеді. Білікті мамандар жетігеннің онсыз да әлемге әйгілі екенін көлденең тартқан. Жарнама эфирден алынып тасталса, компанияның шығынға бататындығын айтып та шырылдаған.
"Жарнама жасаушылардың ұлттық мұрамыздың терең тарихына менсінбеушілікпен қарайтынын көрсетеді. Әйтпесе, ұлттық символдарымыздың қатарында әспеттеліп, музейлерде сақталып, киелі өнер сахналары арқылы насихатталып, оқу бағдарламаларына енгізіліп, мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасына тікелей қатысты жетіген аспабын бұлай мазақ ету нендей қажеттіліктен туды?", - делінген материалда.
Газет редакциясы "ФудМастер" АҚ әкімшілігіне үшбу хат жолдап, жарнама иесі ретінде роликті түсіруші агенттіктің қызметкерлерімен бірге келулерін өтінген. Алайда басқарма төрайымы Аида Сапарғазинованың Шымкент өңірінде іссапарда жүруіне байланысты, өкіл ретінде осы мекеменің Маркетинг және PR маманы Азамат Рамазанов қана төбе көрсетті.
Онда да басылымның барлық сұрақтарына жауап беруге уәкілдік құқығы жоқ екенін бірден ескертіп, жарнаманың түсірілу барысын баяндаумен ғана шектелді.
"Компания мен агенттік арасында жасалған екіжақты келісім-шартқа байланысты, жарнаманы кімдер түсіргенін айта алмаймын. Оларды әшкере етуге менің құқығым жоқ. Әр жастағы тұтынушылар арасында сауалнама жүргізгенімізде, көпшілік осы роликті ұнатқан болатын. Сондықтан екі-үш нұсқаның ішінен осы сюжетке тоқтап, соңғысын таңдап алғанбыз", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/273904-belgili-kompaniya-oz-zharnamasynda-zhetigendi-ayakka-taptagan/