Елімізде аптап ыстық пен жаңбыр толастар емес

Опубликовано:

Солтүстік Америкаға тән табиғи катаклизм Шығыс Қазақстанда да орын алды. Кеше Өскемен-Семей тас жолында алып құйын тұрды.

Кешкі бестер шамасында жайылған торнадо іспетті дауыл 15 минутқа созылды. Абырой болғанда зардап шеккен жан жоқ. Ал еліміздің басқа аймақтарында күн қабағы мың құбылуда.

Ал қиыр шеттегі қызылордалықтар құйыннан аман. Есесіне, аптап ыстықтан бас көтере алмауда. Шілденің соңғы аптасында бұл өңірде ауа температурасы 43 градусқа жетті. Бүгін күн қабағы 37 градусты көрсеткенімен, синоптиктер отыз бірінші шілде күні тұрғындарға сақ болуды ескертуде.

"Ой 50-ден асып кетті-ау, кеше үш күн үйден шыға алмай қалдық. Енді шығып жатырмыз жаймен-жаймен тіршілікке. Егініміз күйіп кетті. Қойдық, қол көтердік. Ауық-ауық душқа түсеміз де, тамға келіп жатамыз, басқа не істейміз енді", - дейді қала тұрғыны Жани Қожахметов.

Ауа райын болжаушылар аптап ыстықтың тамыздың біріне дейін жалғасатынын айтады. Кейін айдың 10-ншы күнінде тағы да күн қатты ысуы ықтимал. Мұндай ауа райы шымкенттіктерді де шаршатып тұр. Ауа температурасы 42 градустан төмен түспей қойды.

Күн қақырайып төбеден түспей, өңірде жүрек-қан тамырлары аурулары мен жұқпалы дерт өршіп кеткен.

Жедел жәрдем стансасының қызметіне жүгінушілер көбейді. Күніне орта есеппен 1200-ден астам адам қоңырау шалады екен. Сәске түстен түн жарымға дейінгі халықтың шақыртуына жедел жәрдем қызметі әрең үлгеріп жүр.Сондықтан тұрғындардың басым бөлігі саябақтардан жанына сая іздеуге мәжбүр. Қала ортасындағы су бұрқақтар қараша халық үшін таптырмайтын тыныстау орны болып тұр.Осылайша, оңтүстік ыстықтан қорғанар сая таппай жүргенде, елорда да жаңбыр саябырсыр емес. Күні-түні тоқтамаған жаңбыр шілденің ыстығын сап тиғандай. Он күннен бері үздіксіз төгілген жауын көлік қозғалысын да қиындатып жіберді.

 "Қазгидромет" мамандарының айтуынша елордада тамыздың 2-не дейін күн жаңбырлы болады. Кейде ұйытқымалы жел соғады. Алдағы аптада ауаның температурасы бірқалыпты. Ал, тамыздың 5-і мен 8-і аралығында республика аймағында күн ысиды.

Ал, Астанаға көптен күткен жаз келмек. Онда да көп емес. Тамыздың 11-інен бастап тағы да күн қабағын түюі мүмкін. Яғни, бұл дегеніміз биыл елордада жаздың төбе көрсетер түрі жоқ дегенге саяды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/274666-elimizde-aptap-ystyk-pen-zhanbyr-tolastar-emes/