Отандық дәрігерлердің препараты әлемде үлкен сұранысқа ие болды
Опубликовано:
Қарағандылық ғалымдар ісік ауруларының бетін қайтаратын, ащы жусаннан жасалған арглабин препаратын алты елдің клиникасы қолданып жатыр деп жазады Айқын газеті.
Онкология және радиология ҚазҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиевтың айтуынша, адам өміріне ең қатерлі дерттің ішінде ісік аурулары Қазақстанда екінші орында тұр. Соның ішінде өкпе ісігі бірінші тұр, одан кейінгі орындарда, асқазан-ішек және сүт бездерінің қатерлі ісігі алады.
Соңғы бес жылдың ішінде ісік ауруының көбею деңгейі 4,4 пайызға өскен. Әрине, бұған дәрігерлер дәрменсіздік көрсетіп, қол қусырып қарап отыра алмайды. Қазақстандық фармакологтар осы қатерлі дерттің алдын алуға шындап кіріскен сияқты. Арглабин препаратының тиімділігіне көздері жеткен әлемдік жетекші клиникалар мұны бірден қабылдап, өз пациенттеріне қолдана бастады.
Қазір біздің фармацевт ғалымдар ойлап тапқан, қазақ даласында ғана өсетін кәдімгі жусаннан жасалатын препарат әлемнің 11 елінде патенттелген. Бүгінгі күні жусаннан жасалған жаңа дәріні өзіміздің елдегі емдеу орындарынан басқа АҚШ, Германия, Ресей, Грузия және Қырғызстан клиникалары кеңінен қолданып жатыр.
Арглабин дәрісі Орталық Қазақстанда ғана өсетін жусанның ерекше түрінен жасалған. Оны, негізінен, бауыр, жатыр мойыны, сүт бездері, өкпе ісік ауруларына қарсы қолданады. Осы уақытқа дейін препарат ісік ауруына шалдыққан үш мың адамға қолданылыпты, оның 76 пайызы оң нәтиже беріп, дерттің беті қайтқан.
Арглабин мен сәуле терапиясының қосындысы отадан кейінгі аурудың асқынуын 4,5 есеге азайтатынын зерттеуші ғалымдар анықтап отыр.
Орта есеппен алғанда, Қазақстан халқының 30-40 пайызы әртүрлі аурулармен ауырады екен. Соңғы кездерде Үкімет халықтың денсаулығын сақтауға қатты көңіл бөлуде. Келесі жылдан бастап әрбір қазақстандыққа 800 теңге бөлінетін болмақ.
Денсаулығы мықты адамдарға бұл бөлінген қаржы қажетсіз болса, ол ауырған адамдарға жұмсалатын болады. Сондай-ақ бір адамға жылына 50 рет емделуге немесе медициналық диагностика жасауға мүмкіндік беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/284116-otandyk-derigerlerdin-preparaty-elemde-ylken-syranyska-ie-boldy/