Жүрсін Ерман мен Бекболат Тілеухан татуласқан сыңайлы
Опубликовано:
Қазақы мақам, қағытпа қалжың мен қоғамдағы ащы шындықтар ақындар тілімен. Арқаның төсінде еліміздің әйгілі айтыскер ақындары бас қосты.
Балғынбек Имашев, айтыскер ақын:
Қарасам маңайыма бәрі пацан,Соларға қараймында қартаямынЕртөстігім бір төбе деген дейін,Ішінде он ақынның нар түйемін.
Қазақы қалжың, қағытпа әзіл, қыз бен жігіттің сөз сайысы. Қазақтың дүл-дүл ақындары елорда төрінде осылай сөз сайыстырды. Кіл жүйріктің ішінен іріктеліп шыққан 10 ақын елдің мұңын айтып, жетістіктерін мадақтап, тәуелсіздікке тәубе десті. Бұл жолы да айтысты "Нұр отан" партиясы мен мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.
Осыған дейін айтысқа қатысты пікірлері бір жерге тоғыса алмай келген ардақтыларымыз Жүрсін Ерманов пен Бекболат Тілеухан татуласқан сыңайлы. 30 жыл бойы айтыстың көсегесін көгертіп келген Жүрсін Ерман қара қылды қақ жарған қазылар алқасына мүшелік етті. Айтысқа сіңірген еңбегін елеп, Бауыржан Байбек ел атынан иығына шапан жапты. Мұны көріп, көрермендер де бір риза болып қалды.
Ал ақындар тартысты додада суырып салып сын айтып, халықтың қазіргі жағдайын жырға қосты. Қоғамдағы күрмеуі шешілмеген мәселелерді сөзге тиек етті.
Арыдан ой қозғаған жас ақын Жандарбек Бұлғақов елорда іргесіндегі Қосшы, Қоянды мен Талапкер секілді ауылдардың хәл-ақуалын жырлады.
Жандарбек Бұлғақов:
Жазда батпақ ал қыста қарға батыпКөліктің астын қазып алысасың,Амал жоқ аузы мұрты толып тұрған.Автобусқа жармасып жабысасың.Жарықтың зардабы өтіп майшам жағыпХалықтың ағартып тұр әлі шашын.Ішетін ауыз суың болмаған соңҚұдықтың ылай суын тауысасың.
Бұл айтыссүйер әрі астаналық қауымның көкейіне дөп түскен болуы керек, халық жас тарланының талантына риза болысты. Мұнан әрі көрерменнің делебесін өтірік өлең айтысы қоздырды. Ал дара шапқан үздіктерден Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Дидар Қамиев пен Нұрмат Мансұровтар халыққа "Құлмамбет" айтысын көрсетті.
Яғни ақтық сында төрт ақын бір уақытта айтысып, шын мықтыны анықтады. Қазылардың шешімімен Бас жүлде алтын домбыра мен 3 млн. теңге Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды. Бірінші орын мен 2 млн. теңгені Дидар Қамиев еншілесе, екінші орын Нұрмат Мансұров, ал үшінші орын тәжірибелі ақын Балғынбек Имашовқа берілді. Сондай-ақ, додаға қатысқан барлық ақын 500 мың теңгеден сыйлық алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/294064-zhyrsin-erman-men-bekbolat-tileuhan-tatulaskan-synajly/