Жүрсін Ерман соңғы болған айтыс төңірегіндегі сауалдарға жауап берді
Опубликовано:
Abai.kz сайты қазақтың еркіндігі мен азат ойының ықылым замандардан бергі айнасы болып келген бекзада өнер айтысты Совет заманында аяғынан тұрғызып, халқымен қауыштырған ақын Жүрсін Ерманнан сұхбат алды.
Ақын былтыр бір жылдай Мәдениет министрлігінің қарамағында айтыс деген бөлім ашылып, сонда екі-үш ақынмен бірге қызмет жасағанын айты келе, 2013 жылдың маусым айынан бері Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұсынысымен Алматыға келіп, Республикалық кітап музейін басқарып отырғанын тілге тиек етті.
Соңғы болған айтыс төңірегіндегі сауалдарға жинақтай жауап берген Жүрсін Ерман порталдың "Соңғы болған айтыста Сізге шапан жабылды. Шапан жауып шығарып салу деген түсінік бар. Өзіңіз қалай қабылдадыңыз? Мейіржан деген жүргізген сол айтыста күлмей қойдыңыз. Неге?" деген сұрағына:
Бекболаттың діни ұстанымы маған ұнамауы мүмкін. Ол өз шаруасы. Мен ата-бабамның дәстүрлі дінін құрметтеген адаммын. Діни сауатым аз.
"Мәселенің басын ашып алу үшін Бекболат туралы сұрақтарға жауап берейін: Бекболат менің інім іспетті жігіт. Бастауыш сыныпта оқып жүріп сахнаға шыққаннан бері көз алдымда. Есейіп, есін жиғаннан кейін көзіміздің қуанышына айналды. Студент кезінен бастап менің көп қамқорлығымды көргенін өзі де әр жерде айтып жүр. Осыдан 4-5 жыл бұрын болса керек, мен оны қазақкөшін жетелеуге лайық жігіт деп бірнеше сұхбатта жарияладым. Күзде, неге өкпелесіп қалдық? Бұл әншейін ағайын арасында бола беретін қазақы өкпе-наз. Өзі өткізіп жатқан айтыстың ақылдасуына мені неге қоспады, неге бірлесіп атқармадық деуге менің қақым бар шығар деп білемін. Осы қыңыратқы кезінде артық-ауыс айтылған сөзде бар шығар. Оны неге ұшындыра бересіңдер?", - деп жауап берді.
Мен өз басым ғана емес, үй-іші, бала-шаға, дос-жараныммен осы айтысты жолға салу үшін қанша ақірет шеккенімді Бекболат біледі ғой. Мені "күресінге итере салудың" (Мұқағали), не жөні бар деп ініме базына айтсам, оны соншама жалаулатудың не қажеті бар.
"Қазаққа бәле-жала, дау-дамай керек. Өгіз өліп, арба сынатындай ештеңе жоқ қой. Басқа басқа, дәл Бекболаттың мені шеттететіндей реті жоқ қой дегенде не тұр? Мынандай мысал келтірейін. Байтақ жерді игеріп, егін ектік дейік. Жерді алу, жырту, тұқым тауып, себу, оны баптау, күту, жанар-жағар май тауып, мол өнімге енді жеткен кезіңде біреу келіп сол егініңді мен де ора берейін десе, шамданасың ба, жоқ па? Мен өз басым ғана емес, үй-іші, бала-шаға, дос-жараныммен осы айтысты жолға салу үшін қанша ақірет шеккенімді Бекболат біледі ғой. Мені "күресінге итере салудың" (Мұқағали), не жөні бар деп ініме базына айтсам, оны соншама жалаулатудың не қажеті бар. Сол айтыстың алдында 2-ақ апта бұрын менімен бір күн бойы бірге жүрген Мұқаметжанның маған ол туралы жақ ашпай кетуі кісілікке жата ма? Мен кейідім, Бекболат кішірейді. Осымен тамам емес пе?", - деп жалғастырды әңгімесін ақын.
Ағынан жарылған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері "Бекболаттың діни ұстанымы маған ұнамауы мүмкін. Ол өз шаруасы. Мен ата-бабамның дәстүрлі дінін құрметтеген адаммын. Діни сауатым аз. Шамам келгенше иманымды толықтырсам деймін. Балаларым түгілі үш-төрт немерем де намазға жығылған. Оларға да Әбу–Ханифе масхабынан ауытқымаңдар деп ескертіп, тыйып отырамын. Кімге кім жөн айтқандай? Талай данышпанның басын қатырған дін жұмбағы бізді де мазалайтыны рас. Әйтеуір өз ұстанымымызды қоғамға таңбасақ, осы мақсаттарымыз үшін халық өнерін арбаға жегіп жібермесек екен деген қауіпімді есі бар қазақ ұғар деймін. Осымен, Бекболат туралы қайталанып келетін сауалдардың бәріне жауап бердім ғой деп ойлаймын. Сонымен, бұл тақырыпқа қайта айналып соқпай-ақ қоялық", - деп қайырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/297875-zhyrsin-erman-songy-bolgan-ajtys-toniregindegi-saualdarga-zhauap-berdi/