Шетелдік азаматқа күйеуге шығатын қазақ қыздарының қатары көбейді
Жарияланған күні:
Ата-баба салтында қыздарын қонақ деп төрге отырғызып, еркіндікте өсірген қазақ оларды елдің көркіне балаған.
Қазақ қыздарынан батыр мен дана да, хан мен қара да өмірге келіп, ұлтымыздың мәңгілігін жалғастыруда. Ұлдарының бойына ақ сүтімен ерлік пен елдікті сіңіріп, қыран самғау қайрат қуатын кіндік қанымен дарытқан қазақтың аналарына қандай мадақ айтса лайық, деп жазады "Қазақстан-Заман" газеті.
Солай бола тұрса да, қазіргі кезде кейбір қыздарымыздың "жат жұрттық" деген сөзді тура мағынасында қабылдап, мұхит асып жатқандары, әсіресе шет тілдерін үйренген сайын олардың жылдан-жылға көбейе түсуі көңіл құлазытады.
Егемендік алған 90-жылдардың басында Атырау жерінде мұнай саласы кәсіпорындарына шетелдіктер ағылып келе бастады. Венгер мамандары мен жұмысшылары Теңіз кеніші құрылысы басталуына орай мыңдап келді. Заманның қиын-қыстау кезеңінде жүз-жүздеген қазақтың өрімдей қыздары мадияр жігіттеріне жар болып, Венгрияға кете барды. Қазір Венгрияда атыраулық қыздардың отбасыларынан тұратын тұтас бір ауыл бар деп естиміз.
Қыз Жібектей қазақ бойжеткендері, ағылшынша сайрап тұрған мамандық иелері румынға, итальяндыққа, шотландыққа, ағылшынға, голландыққа, канадалыққа күйеуге кетіп жатыр.
Бір құрбымның қайын сіңлісі Австралиядан келіп, Атырауда жұмыс жасап жүрген ағылшын жігітіне қазақша құда түсіріп, той жасап ұзатылды. Ауылдың қызы да мұнай кәсіпорнында жүріп танысып, жүрек қалауымен кетіп отыр.
Әңгіме барысынан білгеніміз — Австралияның қызымыз келін боп түскен қаласындағы сол көшеде бірнеше қазақ қызы келін екен. Олардың тәрбиелілігіне, шаруашылыққа икемділігі мен бала күтіміне жауапкершілігіне сүйсінген австралиялық көршілер енді ұлдарынан тек қазақ қызына үйленуді сұрайтын көрінеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстағы ең қазақы жер болып саналатын Қызылқоға ауданының бір отбасының үш қызының екеуі бірі жапон жігітіне, бірі шотландық жігітке күйеуге тиіпті дегенді естігенде, таңданғанымыз рас. Содан соңғы қызы қазақ жігітіне тиетінін айтқанда, әкесі қуанғанынан: "Өзімнің қазағыммен құда болатын болдым", — деп еңіреп жылапты.
Соңғы жылдардағы деректермен танысу үшін қалалық Әділет басқармасының жетекші маманы Гүлнара Мәдиқызы Губашевамен әңгімелестік.
"Шетел азаматына тұрмысқа шығып жатыр деген сөзге қазір ешкім де таңырқамайтын жағдайға жеттік. Себебі, міне, ондаған жылдар бойы мыңдаған қыздарымыз өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеріп, туған жерінен жыраққа кетуде. Біздің қыздарға үйленіп, Қазақстанның азаматтығын алып, осында қалып жатқандары да бар", - деп, Гүлнар Мәдиқызы бірнеше мысалдар келтірді.
Қалалық Әділет Басқармасының АХАТ мәліметіне орай, Атырау қаласы бойынша шетел азаматымен 2011 жылы -113 неке, 2012 жылы-126 неке, 2013 жылы 127 неке қиылыпты. Көпшілігі Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан азаматтары екен.
Сонымен қатар қазақ қыздары Италия, Австрия, Шотландия, Англия, Канада, Индия сияқты елдерге де ұзатылған. Осы деректерге қосымша жас шамаларын да анықтағанымызда, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдері жігіттерінің жасы қыздарымызбен шамалас болса, Италия, Канада, Шотландия, Австриялық "күйеу балаларымыздың" жасы 55-65-тің арасында көрінеді, ал қалыңдықтары 25-35-тің арасындағы бойжеткендер.
Күнде скайпқа шығып, төркінімен, ауылдағылармен сөйлесіп, екі ұлына қазақша тіл сындыртып жүрген Шотландиядағы бір қызымыз даланы сағынатынын айтып, кейде көзіне жас алатын көрінеді. Күнде бауырсақ пісіріп, ет асады екен. Ал шашы ағарған жұбайы шемішке майдың исінен жүрегі айныса да шыдап, бар жағдайды жасап, алақанына салып, бағуда.
Осындай-осындай әңгімелерден кейін кейбір бойжеткен қыздарымыздың өзге ұлтқа, шетелге кетуі жөнінде көкейге сан түрлі ой келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/298729-sheteldik-azamatka-kyjeuge-shygatyn-kazak-kyzdarynyn-katary-kobejdi/