Керекуде 1910 жылы салынған ғимарат сүріліп тасталмақшы
Жарияланған күні:
Керекуде бүтін бір дәуірдің куәсіндей болған ғимарат сүріліп тасталмақшы. Жергілікті биліктің бұл әрекетіне қоғам белсенділері қарсы.
Өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым тұрғындар өңір басшысына арнайы хат жолдады. Онда қалың бұқараның шаһардың көне бөлігінде орын тепкен тарихи нысан сақталсын деген тілегі жазылған. Бұл ғимараттың қабырғасы өткен ғасырдың 1910 жылы қаланған. Алғашында мейманхана болып ашылған мекемеге елге белгілі тұлғалар келіп қонақтаған деген әңгіме бар. Солардың қатарында қазақтың танымал палуаны Қажымұқан Мұнайтпасов та болыпты. Алайда 104 жылдық тарихы бар сәулет ескертішін билік сүріп тастамақ ойда. Бұған қоғам белсенділері қарсылық танытты. Белсенділердің бастамасын қолдағандар көп. Облыс әкіміне арналған хатқа белгілі азаматтардан бастап, қарапайым жандарға дейін қол қоюда. Барлығының ұстанымы - бір. Ғасырға жуық Павлодардың көркін ашқан тарихи ғимарат бұзылмасын, әрленіп, тұрғындарға қайтарылсын, дейді.
"Ата-бабамыздың еңбегін айқындайтын осы ғимараттар. Сондықтан осы ғимаратты, тарихтың жаршысы болып сақталған ғимаратты бұзбай, оны болашақ ұрпаққа жеткізу қажет деп есептеймін", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ақмарал Есімханова.
Саналы өмірін өңірдің тарихын зерттеуге арнаған өлкетанушы Эрнест Соколкиннің ғимарат сүріледі деген күннен бері тынышы кеткен.
Бұл қабырғалар талай оқиғаның куәсі,- дейді ол. Алғашында мейманхана ретінде ашылғанмен, кейін мұнда түрлі мекеме жұмыс істепті. Уездік, сосын облыстық атқару комитеті, 60-90 жылдар аралығында балалар ауруханасы болған. Тек соңғы жиырма жылда иесіз, бос тұр.
"Бұл - өз заманының бірегей сәулет нысаны. Өткен ғасырдың басында Павлодарда екі қабатты үш қана мекеме болған. Соның бірі - осы. Павлодарлықтардың бірнеше буынына еңбек етті. Мұны бұзу тарихқа балта шабумен пара пар", - дейдң ол.
Облыстық құрылыс басқармасының басшылығы мәселеге қатысты нақты ақпар бере алмады. "Жобалау жұмыстары жүріп жатыр" деумен шектелді. Құжатта Ленин көшесі 170 үй деген мекен жай бойынша қандайда бір ғимараттың бары көрсетілмеген. "Мәселе басы ашық қалпында тұр. Дәл қазір нақты бір шешім жоқ. Сүрілу, сүрілмеуі, немесе қайта жөнделетіні жайлы ештеңе айта алмаймын. Бірақ белгілі бір жұмыстың жүргізіліп жатқаны рас", - деді Павлодар облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бауыржан Есмұханов.
Егер қолданыстағы жоба іске асса, ескі нысан сүріледі. Орнына су жаңа мәдени ошақ бой көтермек. Бірақ бүтін бір ғимаратты құлатып, жаңасын салудан гөрі, барын әрлеп, өңдеу тиімдірек екені анық. "Оның үстіне тарихи құндылықты сақтап қалу келешек үшін маңыздырақ", - дейді белсенділер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299022-kerekude-1910-zhyly-salyngan-gimarat-syrilip-tastalmakshy/