Қазақстанда өлім жазасы тек Президентке қастандық үшін қалдырылмақ
Жарияланған күні:
Қазақстанның қылмыстық заң жобасында ел президентіне қастандық жасағаны үшін (кісі қазасы болмаса да) өлім жазасы белгіленген. Бас прокуратура бұл бапта жазаның ең ауыр осы түрін қалдыру керек дейді.
Өткен аптаның соңында парламенттің заң шығару және сот-құқық реформасы комитеті Қазақстан конституциясындағы "Өлім жазасы" бабынан сәйкессіздік тапты. Қылмыстық кодекстің жалпы және ерекше бөлімдерінде экстремистік қылмыс үшін тағайындалатын жаза нормаларында қайшылық бар болып шықты. Мысалы, адам өміріне қастандық жасағаны үшін өлім жазасына кесілмейді, бірақ Қазақстан президентіне қатысты бапта өлім жазасын қолдануға рұқсат берілген.
Кісі өлімі болмаса да бес қылмыс түрі үшін (жалдамалы кісі өлтіру, тұңғыш президенттің өміріне қастандық, президент өміріне қастандық, диверсия, террорлық акті) өлім жазасы қарастырылған. Бұл жерде "тұңғыш президент" термині айрықша мәртебесі қызметінен кеткен жағдайда да арнайы заңдармен қорғалатын Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты қолданылған.
Бірақ бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл норма қылмыстық кодексте бұрыннан бар, оны жаңа жобамен жұмыс істеген топ мүшелері енгізбеген.
Ал кейбір депутаттар қылмыстық кодекстің жаңа жобасынан өлім жазасын мүлде алып тастауды ұсынады. Олар ел конституциясына, Қазақстан қол қойған халықаралық пактілер мен конвенцияларға сілтеме жасап, "қазір өлім жазасын қолдану аясы шектелген, оны адам өліміне әкелген террористік қылмыстар мен соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолданады" дейді.
Бірақ, Иоган Меркельдің айтуынша, бас прокуратура өлім жазасынан мүлде бас тартпақ ойы жоқ.
"Өлім жазасына қатысты небәрі бес үкім шыққан. Бұл нені білдіреді? Жазаның бұл түріне аса сақтықпен қарайтын соттар төбе шашыңды тік тұрғызатын ауыр қылмыстар жасалса да, оны тағайындамайды. Сондықтан өлім жазасын мүлде алып тастауға жобаны құрастырушылар ретінде біз ешқашан келіспейміз", - дейді Иоган Меркель.Парламент депутаты, бұрынғы ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов те прокурорды қолдайды. Оның есебінше, егер өлім жазасынан бас тарту туралы референдум өтсе, халықтың 99 пайызы оны қалдыруды қолдап дауыс береді. Қайырбек Сүлейменов "қазақстандықтар сотқа сенбейді және өмір бойына түрмеге кесілген адам кейін бәрібір бостандыққа шығады деп ойлайды" дейді.
Қазақстандықтар сотқа сенбейді және өмір бойына түрмеге кесілген адам кейін бәрібір бостандыққа шығады деп ойлайды
Қазақстанда адам өліміне әкелген террористік қылмыстар мен соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза түрі ретінде ату жазасын енгізу ұсынылды. Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында 16 қылмыс құрамы бойынша өлім жазасын қолдану қарастырылған.2003 жылдың желтоқсанында Қазақстан президенті өлім жазасы туралы үкімдерді орындауға мораторий жариялады. Бірақ мораторий қылмыстық жаза түрі ретінде өлім жазасын мүлде жойған жоқ және мораторий аяқталған соң бір жылдан кейін орындалуы мүмкін.1990 жылдан өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгенге дейінгі кезеңде Қазақстанда өлім жазасына кесілген 536 адамға қатысты сот үкімі орындалған. Forbes.kz сайтының хабарлауынша, қазір өмір бойына бас бостандығын айырылған жүзге жуық адам түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299946-kazakstanda-olim-zhazasy-tek-prezidentke-kastandyk-yshin-kaldyrylmak/