Жол полициясының енді жүргізушілерді тек 8 жағдайда ғана тоқтатуға құқы болады
Опубликовано:
Ендігәрі жол полициясының қызметкерлері жүргізушілерді тек 8 жағдайда ғана тоқтала алатын болады.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында "Жол жүрісі туралы" заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында мәлім болды. Екінші оқылым барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар өзгерістер енгізген болатын.
Атап айтқанда, заң жобасында "жүргізушінің агрессивті әдісі" деген ұғым алынып тасталған. Өйткені, бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде қамтылып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасымен жүргізушінің және жолаушының ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетпеу міндеті көзделеді.
Осыған байланысты жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қызметкерінің жүргізушіге немесе жолаушыға көлік құралының кабинасын тастап кетуге рұқсат беру құқығы болатын жағдайларды белгілеу ұсынылады.
"Сонымен қатар, заң жобасында ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралын тоқтатуға қатысты негіздері де қамтылып отыр. Олар мыналар: көлік құралын жүргізушінің осы заң талаптарынан туындайтын жол жүрісі қағидаларын бұзуы, оның ішінде тіркеу құралы тіркеген жол жүрісі қағидаларының бұзылуы, айдап әкетілген, ұрланған көлік құралдарының, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты басқа да қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлік құралдарын іздестіру жөніндегі жұмыстар. Яғни, жол полициясы жүргізушілерді осы заң жобасында қамтылған 8 жағдайда ғана тоқтата алады. Бұдан өзге жағдайларда оларды тоқтатуға құқы болмайды", - деді сенатор Серік Ақылбай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/304213-zhol-policziyasynyn-endi-zhyrgizushilerdi-tek-8-zhagdajda-gana-toktatuga-kyky-bolady/