Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өскеменде жаужүрек бабалар мүсіндері жерге зәру

Опубликовано:

Елеулі еңбегімен халықтың есінде қалған жандарды ұлықтау қай ұрпақтың болмасын парызы саналады. Осы орайда еліміздің әр жерінде көптеген мүсіндер бой көтеруде.

Өскемен қаласында да даңқты адамдардың бірқатар ескерткіштері бар. Ұлыларын ұмыт қалдырмай ескеріп, мүсін қою көргенді елдің ұл-қызы екенімізді айқындаса керек. Бірақ, жүйкеге жүк, көңілге қаяу түсіретін де жағдайлар бар, деп жазады Ult.kz.

Бабаларға мүсін көтеруді міндет санасақ, әр іске аса мән берген абзал болар еді. Өскемендегі қос ескерткіш - көзі тірісінде аңызға айналған Қасым Қайсенов пен қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев ескерткіштері қаланың қолайсыздау тұсына орнатылған.

Ескерткіштердің бірі кеш түсе есірік әуені есті шығарған түнгі клубтың алдында болса, бірі ескі электр-трансформаторының маңында тұр.

Қазақстанның Халық Қаһарманы, әйгілі партизан – Қасым Қайсеновтың кеуде мүсіні қаламыздағы Жеңіс даңғылында бой көтерген. Жеріне жеңіс сыйлаған қаһарманның ескерткіші даңғылдың атына сай орналасқаны қуантқанымен, түнгі клуб пен жанар-жағармай стансасының алдында тұрғаны мұңайтады.

Өтіп бара жатып, көз салып қалсаң, батырдың қабағы қатпарлы мұңға толы. "Berberis" клубынан бақытын іздеп келіп жатқан өрімдей ұл-қыздарға қарауға дәті шыдамай, теріс бұрылып тұрғандай. Еске салсақ, бұл мәселе төңірегінде біз бұрын да ой қозғағанбыз. Бірақ, елді ойлантқан жайға елеңдейтін басшылық болмағандықтан ба батырдың кеуде мүсіні әлі сол түнгі клуб пен жанар-жағармай стансасының дәл қасында тұр.

Қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың мемориалдық тақтасы Өскеменнің Аблакетка ықшам ауданына бара жатқан жолда орналасқан.

22 жасынан бастап өз еркімен қызыл әскер қатарына алынып, взвод командирі дәрежесіне жетеді. Онымен де тежелмей, сол кездегі Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы болған.

Батырдың қарапайым ғана тақташасын туған өлкесі тоқымдай жерде ескі электр трансформатына арқа тірестіріп қойғаны өкінішті.

Оның Испания соғысында сан мәрте ерлік жасағанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сол майданнан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан қаза болған. "Әр елдің жұртта қалып бір маңғазы" демекші даласының топырағын иіскемей бабасының моласы өзге елде жатқаны қай қазақтың болмасын көңілін алаңдатуы керек.

Егер жерден жарты метр биіктіктегі шарбағы бар, тозған үйдің табалдырығындай ғана кішкене тақташаны ескерткіш деп айтуға болса, әрине. Тақта бояуы кетіңкіреген ескі көк бағанға бекітілген. Қасында жұпыны кейпі жанындағы серігінен айнымаған электр трансформаторы бар.

Қалай десекте, олардың алдындағы қарызымызды есімдерін ұлықтап, ескерткіш қойып сәл де болса өтемек болдық. Бірақ бір шыбық ексең де түзу егу керек қой. "Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі" деген шешен қазақтың сөзін санамызға шегелеп алғанымыз жөн сияқты.

Алдағы уақытта жауапты орындар ұлыларға ескерткіш орнатса, алдымен мүсіннің сапасына әрі орнатылған аумағына назар аудару керек сияқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/304423-oskemende-zhauzhyrek-babalar-mysinderi-zherge-zeru/

pixel