Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белсенділер Мирзоянның есімін көше атауынан алып тастауды сұрады

Опубликовано:

Алматылық белсенділер "сталиндік репрессияға қатысқан большевиктің" атында көше болуына қарсы. Тарихшылар Қазақстанның советтік құндылықтардан арылмағанын айтады. Әкімдік "халық пікірін ескеруге" шақырады.

72 жастағы зейнеткер Ерік Мұхамедғалиев 1971 жылдан Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінде тұрады. Таяққа сүйеніп баяу жүріп келе жатқан ақсақал Азаттық тілшісіне көшенің тарихын баяндап берді. "Өмір бойы құрылыс комбинатында жұмыс істедім, мына үйлерді өз қолымызбен салдық. Мирзоян кейінгі атауы, бұрын Бірінші линия, жанындағы Исаев көшесі – Екінші, Жароков көшесі – Тоғызыншы линия болатын" дейді ол.Совет кезеңінде көше атаулары көбіне жергілікті биліктің шешімі бойынша біржақты қойылатын. Ерік Мұхамедғалиев те, Азаттық тілшісі сөйлескен басқа тұрғындар да Левон Мирзоянның кім екенін айта алмады. Осы көшенің бір тұрғыны Елена Линчевская "бәлкім революционер болар" деп болжады. Бірақ егде тұрғындардың бәрі дерлік көшенің ескі атауы сол күйінше қалуын тілейді. Өзгергенін ыңғайсыз санайды.Жастар болса "көше атын ауыстырған жөн, елге еңбегі сіңген танымал адамның атымен аталғаны дұрыс" деп санайды.

Мирзоян есімі совет кезеңіндегі атауларды жаппай ауыстыруға шақырған қоғамдық белсенділердің іс-шараларынан соң БАҚ-та жиі көзге шалынатын болды.

1933-38 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Левон Мирзоян атындағы көше атын ауыстыру жөнінде қоғамдық белсенділер соңғы кездері бірнеше рет бастама көтеріп, түрлі пікірлер айтылған еді. Белсенділер "1937-38 жылдардағы саяси қуғын сүргінге араласқан" советтік партия қайраткері Левон Мирзоянның есімін көшеден алып тастау қажет деп санайды.Левон Мирзоянның есімі кезінде Қазақстанның бірнеше ауданына да берілген. Тарихи деректерге қарағанда революционердің өзі 1938 жылы "халық жауы" ретінде тұтқынға алынып, 1939 жылы ақпанда атылғаннан кейін Жамбыл облысындағы ауданның бірінен аты алынып қалған. Йосиф Сталин өлгеннен кейін басқа да советтік қайраткерлермен қатар 1955 жылы ақталған.Алайда 1990 жылдардың бас кезінде табылған кей деректерге қарағанда Левон Мирзоянның өзі де 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге араласқан.

Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты

"Мирзоянның Сталинге жазған хаты" деп сипатталатын құжат көшірмесі соңғы уақытта әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Хатта: "Антисоветтік элементтер ретінде бірінші категория бойынша 8000, екінші категория бойынша 8000 адам атуға рұқсат берілген. Қазір бұл лимит толық пайдаланылды. Жат элементтерден толық тазарту үшін бірінші категория бойынша тағы да 600, екінші категория бойынша 1000 адам атуға рұқсат етуіңізді сұраймыз" деп жазылған.Мирзоян атындағы көше атын ауыстыру керек деп санайтын Қасым Аманжолұлы бастаған ұлтшыл-патриоттық бағыттағы қоғамдық белсенділер осы хат көшірмесін дерек ретінде алға тартады.Қоғамдық белсенділердің бұл уәжін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты да жоққа шығармайды. Дегенмен бұл институт биыл наурыздың 12-сі күні қоғамдық белсенділермен өткізген кездесуінде "қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін" екенін алға тартып, "Мирзоян атындағы көше атын ауыстыруға әлі ерте" деген тұжырым жасап берген.

Алайда тарихшылардың кейбірі бұл тұжырыммен келіспейді. Мәселен, большевиктермен келіспей шетелге эмиграцияға кеткен түркістандық саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеп жүрген тарихшы Бақыт Садықова Қазақстан көшелеріне большевик Мирзоян мен Шоқайдың есімдерін қатар беруді түсіне алмайды.

Ал тағы бір тарихшы Зардыхан Қиянаятұлының пікірінше тек Мирзоянға емес басқа да советтік қайраткерлерге қатысты пікірталастар бар. Оның айтуынша, ономастикадағы бұл түйткілдер бұрынғы постсоветтік елдердің әлі күнге дейін советтік құндылықтардан арылып болмағанын көрсетеді.Постсоветтік елдердің бірі Өзбекстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жиі баратын тарихшы Ордалы Қоңыратбаев Өзбекстан үкіметінің қуғын-сүргінге ұшырған 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың бас кезіндегі жәдидшілер қозғалысының өкілдерін ақтап, Ташкент, Самарқанның негізгі көшелеріне есімдерін бергенін айтады.Оның айтуынша "бұл процес Қазақстанға қарағанда этникалық құрамы жағынан әлдеқайда біртекті Өзбекстанда біршама тезірек және дау-дамайсыз өтіп жатыр".Тарихшының ойынша, Қазақстандағы советтік жер-су атауларын өзгеруді кешеуілдететін тағы бір фактор – постсоветтік елдер "жер-су атауларын қоғамдық формацияға шұғыл бейімдеуге, яғни совет өкіметі кезіндегідей бір ғана қаулы күшімен жүзеге асыруға тырыспайды, оны ономастикалық комиссиялар арқылы шешуге ұмтылады".

Мирзоян атындағы көше атын өзгерту-өзгертпеу мәселесі қоғамдық белсенділердің де, тарихшылардың пікіріне де тікелей тәуелді емес

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы ономастикалық комиссия жұмысын ұйымдастыратын қалалық тіл басқармасына да хабарласқан еді. Басқарманың бас маманы Талант Тайыновтың сөзінше, "Мирзоян атындағы көше атын өзгерту-өзгертпеу мәселесі қоғамдық белсенділердің де, тарихшылардың пікіріне де тікелей тәуелді емес".2013 жылы қаңтарда "Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданғаннан кейін жер-су атауларын өзгертуге қойылған бұрынғы мораторийдің мерзімі аяқталған.

Ал Мирзоян атауын қолдаушылар мен оған қарсы шығушылардың теке-тіресі әлі біраз уақытқа созылатын сияқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/307971-belsendiler-mirzoyannyn-esimin-koshe-atauynan-alyp-tastaudy-syrady/

pixel