БҚО-да "Еңбекпен қамту" бағдарламасы бойынша келгендер жұмыссыз жүр
Опубликовано:
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылындағы дау басылар емес. "Еңбекпен қамту-2020" бағдарламасы аясында бұл елді мекенге екі жыл бұрын облыстың әр түкпірінен тұрмысы төмен 60 отбасы көшірілген. Бірақ жаңа қоныстағы қуаныш ұзаққа созылмады.
Жауапты орындардың әу бастағы уәдесі аяқсыз қалған. Осы жағдайға күйінген тұрғындар жағдайларының жоқтығын айтып шағымдануда. Асан Төреғалиев Казталов ауданынан Бөрліге екі жыл бұрын көшіп келген. Айтуынша, туған жерінде екі қолға бір күрек таппаған соң, жаңа ауылда жұмыспен қамтимыз деген уәдеге сеніпті. Бірақ әлі жұмыссыз. "Ауылдан малымды саттым, машинамды саттым. Көшіп келдім. Енді қайта алмай отырмын. Баратын үй жоқ, сатып жібердім, мал жоқ, жұмыс жоқ. Ауылда хозяйкам школда жұмыс істеді. Машинамен таксовать еттім. Ескі болса да, УАЗИКпен Орал мен екі ортада. Енді қазір жұмыс жоқ отырмыз. Атырауға бардым, Тенгизге бардым. Одан айлық бермейді, қайтып келдім былтыр", - дейді.
Асан сияқтылар бұл ауылда жетерлік. Олардың барлығы 2012 жылы "Еңбекпен қамту-2020" бағдарламасы аясында облыстың әр ауданынан Бөрлі ауылына көшірілген.
"70 мыңнан айлық, балаларыңа садик бар, мұнда бәрі бар деген... енді дым жоқ", - дейді ауылдың басқа тұрғыны Айгүл Қайырлиева.
"Әуелден түсінік жүргізу керек еді біздерге, мына 20-30 жыл төлейсіңдер жаңағыдай, 16 мыңнан десе, біздер алдымыздағы бір-екі бас малымызды сатып келмейміз мұнда", - деп ашынады тағы бір тұрғын Гүлмира Мұрзағалиева.
Кезінде тегін беріледі деген үй үшін ауылдықтар қазір коммуналдық қызмет пен өзге де шығындардан бөлек, айына 16 мың 400 теңге төлейді.
Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырғандар үшін бұл әжептәуір салмақ. Ал әкімдік өкілдері барлығы тұрғындардың келісімімен жасалғанын алға тосады.
Айтуларынша, әкімдік тарапынан ауылдықтарға түрлі көмек көрсетіліп, ауылдағы еңбекке жарамды 130 адамның 97-сі жұмыспен қамтылған.
Екіжақты шарт бойынша жаңа ауылға қоныстанғандар берілген баспананы 5 жылға жалдап тұрады. Кейін қолма-қол ақшаға немесе банк арқылы сатып алуы керек. Үй бағасы 40 мың доллар.Ауыл басышысының пайымынша, енді аймақтан сайланған депутаттардан қандай да бір көмек болмай, жағдай шешілмесі анық. Өйткені 3 жылдың ішінде бұл ауырлықты көтере алмаған 3 отбасы кері көшіп кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/311049-bko-da-enbekpen-kamtu-bagdarlamasy-bojynsha-kelgender-zhymyssyz-zhyr/