Қоғамда ұлттық киім тек мерейтойлық "оборотқа" айналды
Опубликовано:
Бүгінде той томалақта болсын, мерейтойларда, зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып жатса да жарыса шапан кигізу сәнге айналды.
Сондағы кәде сый деп кигізген шапандарының басым бөлігінде жалтырақ апликация жапсырылған, арзанқол дүние. Қымбат бағалы дегеніңнің өзін кәделеп киіп жүрген адамды көрмейсіз. Сыйлықты қажетіңе жаратсаң ғана қадірі артпақ. Ал, сол сыйға тартылған шапанды ертеңгі күні ол барып біреудің иығына жабады.
Осылайша ұлттық киімдеріміздің қадірі қашып, "оборотта" жүр. Одан қалса наурыз мерекесінде ғана ұлттық киімді жабыла іздейтін дәрежеге жеттік, деп жазады Алаш айнасы басылымы.
Өзбек халқының мақтадан сырып тіккен шапандары бар. Оюы да жоқ, өрнегі де жоқ. Бірақ солардыкі екендігі бірден білініп тұрады. Жұқалап мақта салып тіккен сол шапандарды олар тастамай киеді. Өйткені күнделікті киіп жүруге өте ыңғайлы. Әрі жылы, бел, тізенің бәрін жауып тұрады. Ұлттық киім осылайша ыңғайлы болғанда ғана сұраныс тудыратыны сөзсіз.
Ал әзірбайжандардың әжелері әлі күнге дейін тамағының астынан қынай ұстап тұратын моншақ тізілген орамал тартады. Кәдімгі біздің кимешегімізге қатты ұқсайды. Көрген сәтте-ақ қай ұлттың өкілі екендігін ажырата қоясыз.
Ал қырғыз ағайындар бастарынан айыр қалпақтарын тастамайды. Бізде де осылай тастамай киіп жүретін ұлттық нақыштағы киімдеріміз бар ма? Болса қайсы?
Бүгінгі қазақы ұлттық киімдерге қарап отырсаң көңіл құлазиды. Бәрі инкубатордан балалағандай бір стандарттан шыққан. Сыртына әлеміш жылтырақ жапсырылып, тек манекенде тұру үшін тігілгендей. Ал ілуде бір қазақи қарттарымызды ұлттық киімде ұшырата қалса қолын шошайтып, клоун көргендей күлетіндер де жоқ емес.
Бүгінде тігіліп жатқан шапандарымыз бұрынғы қазақы шапандардың пародиясы ғана. Апаларымызға арналып тігілген қамзолдарымыз арзанқол әшекей моншақ, салпыншақ тағып тастаған түріктердің қамзолының көшірмесі.
Ал шапан мен қалпақтарымыз да қырғыз ағайындардың ауылынан. Ұлттық киімнің өңі өзгеріп, өзге елдердің киімінің көшірмесіне айналып барады. Тіпті шапан мен бас киімдердің шетіне салған оюларының өзі бір-бірінен аумайды. Қазақта қошқар мүйіз оюдан басқа ою өрнек жоқ па деп ойлап қаласыз.
Қолдан шыққан дүниенің қашанда бәсі жоғары ғой. Ел ішінде ою оятын небір ісмерлер бар. Түріктің оюларынан гөрі өзіміздің шеберлердің қолынан шыққан дүниені пайдаланған тиімді емес пе?
Үйлену тойында да қалыңдықтың қазақша киімдерін әспеттеп киетіндері кемде-кем. Еуропалық үлгідегі той көйлегін кез-келген салоннан тапқаныңызбен қазақша той көйлегі таптырмайды. Оған ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарайтындар басым.
Қыз ұзату, келін түсіру сияқты салтанаттарда бас құрап отырған жастардың екеуін де қазақша ұлттық киім кидіріп шығарса, олардың ата-аналары да ұлттық киімді үстіне ілсе қандай жарасымды болар еді.
Сәукеле ешбір халықта жоқ ерекше бас киім екені рас. Оны қымбат бағалы матадан тігіп, асыл тастармен көмкеріп, артына желең тағып тіккен. Қазір оның сахнадағы кейпін көрсең қарның ашады. Қызы да, келіншегі де киіп алады. Сәукелені тек ұзатылып бара жатқан қыздың ғана киетіні көнекөз әжелеріміз айтып отырушы еді.
Жасырары жоқ, бүгінде ұлттық киімді біз наурыз мейрамы келгенде ғана іздейтін дәрежеге жеттік. Апа-әжелеріміз кимешекті сол кезде киеді. Қазақша киімдердің біразын да сол кезде тамашалай аламыз.
Ресми сапармен елімізге келіп кететін араб ағайындардың ұлттық киімге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ екенін көріп қайран қаласың.
Ұлттық бас киім, шапандардың заманға сай үлгісін жасап, тек мерекелік шараларға ғана лайықтамай күнделікті киюге арнап тіксе қанекей. Сол кезде ғана жастардың ұлттық киімге деген сүйіспеншілігі оянар, бәлкім. Әйтпесе ұлттық киімдеріміз де еуропаланып кететін түрі бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/311573-kogamda-ylttyk-kiim-tek-merejtojlyk-oborotka-ajnaldy/