Ақтөбенің бас имамы зираттан алдын ала орын дайындамауды сұрады
Опубликовано:
Ақтөбедегі қорымдарда тірі адамдар үшін алдын ала қабіріне орын дайындап қоятын үрдіс етек алған, деп хабарлайды BNews.kz.
"Адамның қашан өмірден өтері бір Аллаға ғана аян. Неге моласын алдын ала әзірлеп асығатындарын түсінбеймін. Егер кәрілік жеңіп, санаулы күні қалған қартқа жақындарының жатқан жеріне жақын жерден бейіті үшін жер әзірлеуге шариғат рұқсат береді. Бірақ бірнеше мола үшін алдын ала орын қалдыруға болмайды", - дейді Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков.
Соңғы кездері облыс орталығына жақын маңдағы қорымдардың көбінен ақтөбеліктер алдын ала жер сатып алатын болған.
Тіпті, Бестамақ ауылы маңындағы моладан біреу отбасы үшін алты қабір сиятын орын дайындап қойыпты.
"Осы Бестамақтағы қорымда бауырым жатыр. Құран бағыштауға келіп кетемін. Бейіті көтеріліп, бірақ ескерткіші жоқ молаға бұрын мән бермейтін едім. Кейін онда ешкімнің көмілмегенін, алдын ала дайындалып қойғанын естіп жағамды ұстадым. Қазір адамдар өмір сүруге емес, өлімге асығатын сияқты", - деп налиды Тасболат Аққайыр ақсақал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/326163-aktobenin-bas-imamy-zirattan-aldyn-ala-oryn-dajyndamaudy-syrady/