Басқыншы ұлтпен байланысты жер аттары дау туғызды
Опубликовано:
"Жер жанаты – Жетісу" және "Жер ұйығы – Жетісу" деп аталатын өлкедегі кейбір жер-су атаулары ертедегі шетел саяхатшыларының жазуы бойынша қалмақ немесе моңғол тілінде аталып, картаға түскендігі белгілі намысқа сын деп жазады "Алаш айнасы".
Еліміз Тәуелсіздік алған соң мұндай жер-су атаулары өзінің ежелгі тарихи атауларына өзгертіліп, қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Мысалы, барлық энциклопедияларда, карталарда, оқулықтарда бұрынғы "Жоңғар Алатауы" – "Жетісу Алатауы" болып өзгертілген. Ал, еліміздің Жетісу өңірінің таңғажайып табиғаты бар ең көрікті алқаптағы ұлттық табиғи саябақ "жоңғар Алатауы" деп аталып кеткен. Бұл арада "Ұлттық" және "Жоңғар" деген сөздер бір-біріне мүлде үйлеспейтін ұғымдар.
"Жетісу Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын ұйымдастыру жұмыстары 2007 жылдан басталып, түрлі зерттеу-жобалау шаралары арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы №370 қаулысы бойынша 2010 жылы 30 сәуірде ұйымдастырылды. Бұл табиғи саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат – Жетісу Алатауының орталық аймағының солтүстік тау беткейлерінің экожүйесін сақтап қалу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен өзгерген экожүйені қалпына келтіру болып отыр. Бұл арада ғаламдық мәні зор, қазіргі кезде дүниежүзіне таралған мәдени алма іріктемелерінің бастапқы генофонды болып есептелінетін жабайы түрде өсетін әрі Жетісу және Іле Алатауы өңірлерінде ғана сақталған сиверс алмасын сақтап қалу.Ерекше ескерте кететін жағдай: жаңадан ұйымдастырылған мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың атауы орысша баспа беттерінде "Жоңғар Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы деген атаумен беріліп кеткен. Мұның өзі еліміздің тарихына және ұлттық тілімізге деген салғырттығымызды аңғартып отыр.
Жетісу өңірінде орналасқан және бұрынғы солақай саясаттың кесірінен Жетісу өңіріндегі Алатау "Жоңғар Алатауы" деп қате аталып кеткен. Бұл жайында біз республикалық мерзімді баспасөздерде бірнеше рет мақала жарияладық. Бірақ та, оған өз ойларын білдірген азаматтардың болмағандығы өкінішті-ақ! Еліміздегі жер-су атауларының қалай болса солай аталуына мән бермеуіміз ұлттық намысымыздың салғырттығын аңғартпай ма?!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/326811-baskynshy-yltpen-bajlanysty-zher-attary-dau-tugyzdy/