Өрескел қателіктермен шығарылған "Қазақстан тарихы" оқулығы келер жылы жаңартылады
Опубликовано:
Өрескел қателіктермен шығарылған 5 сыныптың "Қазақстан тарихы" оқулығы келер жылы жаңартылады. Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.
"Оқулық сапасы үнемі біздің назарымызда тұратын мәселе. 3 сыныптың оқулықтарымен қатар 2 сыныптың ағылшын тілі, 6 сыныптың информатика оқулықтары жаңартылды. Ал 5 сыныптың жалпы тарих оқулықтарына байланысты бүкіл ақпарат құралдарындағы сын-ескертпелер жинақталып, арнайы жұмыс тобы құрылды. Өткен жылы осы жұмыс тобы сәуір-мамыр айларында жұмыс жүргізді. Осыдан кейін Тарих институтына тапсырма берілді. Бұл институт қазіргі таңда Қазақстан тарихынан оқулық жасады. Ол қазір сараптамадан өтті", - деді брифинг барысында БҒМ "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева аталған оқулықтың келесі жылдан бастап 5 сынып бағдарламасына енгізілетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, 2010 жылы жарық көрген 5 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында бірқатар өрескел қателіктер жіберілген еді. Бұл мәселе БАҚ-тарда кеңінен талқыға түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/330013-oreskel-kateliktermen-shygarylgan-kazakstan-tarihy-okulygy-keler-zhyly-zhanartylady/