Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ыстық көлдегі Әуезовтің мұражайы аянышты халге түскен (фото)

Опубликовано:

Алатаудың теріскейі де, күнгейі де – түбі бір түркі жұртының Отаны, яғни қазақ пен қырғыздың өсіп өнген өлкесі. Содан болар, барша ел "қазақ-қырғыз бір туған" деп бекер айтпаса керек.

Төсекте басы, төскейде малы қосылған екі ел әдебиет пен мәдениетте де қолтықтасып бірге дамып келеді. Бұған дәлел ретінде Мyprofession.kz көрші елде болып, Мұхтар Әуезов атындағы мұражайға саяхат жасап, фоторепортаж дайындады.

Бүгінде әлем әдебиетінің төрінен көрінетін қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовты қазақ елі де төл баласындай мақтан тұтады. Оның шығармаларымен сусындап өскен бірнеше ұрпақ бой түзеп үлгерді.

Ал әйгілі "Манас" жырының тамырына қан жүгірткен Мұхтар Әуезов те екі ел әдебиетінің қаншалықты жақын екенін әлемге паш етті. Тіпті Әуезов өз ғұмырының жемісті күндерін қонақжай қырғыз елінде, Алатаудың маржаны Ыстық көлдің жағасында өткізді.

Кезінде қырғыз ағайындар Шолпан-Атаның ең көрікті деп саналатын, айдын шалқар көлдің көрінісіне көз тоятын жағалауынан Әуезовке үй тұрғызуға жер берген. Жазушының өз қаражатына тұрғызған үйі, енді міне, Әуезовтың кітапхана-музейіне айналды.

"Ыстықкөлді ерекше сүйемін! Мұнда тынысың кеңіп, ішкі сарайың ашылып сала береді! Егер дүниеге қайта келетін болсам, осы өңірді таңдар едім" деген Мұхтар Әуезовтың сөзінде шындық бар.

Қысы жұмсақ, жазы жайдары мекенде жатып тынығып, суына шомылу бүгінде барша қазақстандықтардың жылдағы әдетіне айналды. Қауіпсіз, дінің мен тілің ортақ көрші елде өз үйіңде жүргендей сезінесің.

Тау-тасты аралатып, сарқырамасына сүйсіндіртер бір күндік сапарлар қырғыз туризмінің айнымас бөлшегіне айналып келеді. Тарихи жерлерді көрсетуді де ұмыт қалдырар емес. Пржевальскийдің жүріп өткен жолдары бүгінде қырғыз туризміне жаңа арнадан тамып жатқан қаржы көзіне айналуда.

Ресейден ағылып жатқан туристер өз отандасының өмірін білуге құштар. Ал қазақстандық демалушы көлден басқа қызыққа үйір емес. Бәлкім, қырғызда бар тау-тас біздің елде де кездесетіндіктен болар.

Немесе қырғыз жағы қазаққа қатысты дүниелерге немқұрайлы қарауында болар… Әйтпесе Мұхтар Әуезовтың мұражайына алып барып-ақ қаржы табуға болар еді.

Ұлы жазушымыз Әуезовтың тұрған үйін тамашалау бізге қызық. Уақыттың ретін таптық та, Шолпан-Атадағы Әуезов көшесінде орналасқан жазушы мұражайына жетіп бардық.

Ә дегеннен мұражайды табу қиынға соғады. Сондықтан жергілікті тұрғындардың бағдар көрсетуі қажет-ақ. Бір қуантарлығы, даңқты жазушымыз Әуезовтың кім екенін және оның мұражайының қайда орналасқанын қырғыз бауырлар жақсы біледі.

Әуезовтың кітапхана-музейі ат шаптырым жерді иемденбесе де, аумағында бір қауым кісіні еркін қабылдауға шамасы жетеді. Бірақ музей үйінің жағдайы сын көтерер емес. Шарбақтары құлауға жақын тұрған үйге біраздан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені көрініп тұр.

Біз музей үйдің демалыс күніне тап болыппыз. Бірақ ғұмырын Әуезов шығармаларын зерттеуге арнаған, осы үйдің қарауылы да, экскурсоводы да, тіпті бақшасына да жауапты Саламат апай қазақ әрі журналист болғанымыз үшін қақпа есігін айқара ашып, төрге шығарды. Әуезовтың қонақ күткен бөлмесінен бастап, жеке кабинетіне дейін аралатып, түсіндіріп жатыр."Заманына қарай адамы" демекші, Саламат апай музей-үйдің компьютермен жабдықталғанын және интернет желісіне қосылғанын, оны wi-fi арқылы кез-келген  қонақ тұтына алатынын мақтан етті.

"Қырғыз үкіметіне мың алғыс" дей беріп едік, "жоқ, әлемтор желісіне қосып, 1 жылдық қаржысын төлеп берген сіздердің мақтаныштарыңыз, биатлоннан Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері Елене Хрусталеваға алғыс айтуымыз керек" деп бізді марқайтып тастады.

Жаны қазақ жайсаң қыздың бұл тірлігі елдегі қазақпын деп бизнесін дөңгелетіп, артық ақшасына Ыстық көлде шалқи тынығып жүрген біраз азаматтан көш ілгері. Әйтпесе, кішкентай ғана үйді, қазақтың жат жердегі көзіндей болған мұражайды осындай аянышты халге түсірмей, іргетасын бекітіп беруге қай-қайсымыздың шамамыз жетер-ақ.

Жазушының жеке бөлмесі. Жиһаздар түртілмеген күйі сол қалпында.

Суреттердің авторы: Асқар Беков

Қайтар кезде, Саламат апай: "Қазақ еліне қашанда ризамын. Жазушының ұл-қыздары да жиі келіп, қолдау білдіріп жатады. Музейдің тұрақтап қалуына көмектері көп тиді" – деп шын сөзін айтып жатыр.

Расында, біздің елдің әлеуетімен Әуезовтің кітапхана-музейін ешкімге қаратпай-ақ қамтамасыз етуге болатын еді…

Фоторепортаждың толық нұсқасын Мyprofession.kz сайтынан тамашалай аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/330574-ystyk-koldegi-euezovtin-myrazhajy-ayanyshty-halge-tysken-foto/