NUR.KZ жағдайын жариялаған жалғызбасты анаға жүзге жуық адам қол ұшын созды (фото)
Опубликовано:
Жалғызбасты ананың үш баласына жүзге жуық азамат көмек қолын созды.
Қазақ халқы жетімі мен жесірін жылатпайтын халық екеніне өткен демалыста осы отбасында болып қайтқан NUR.KZ тілшісінің көзі тағы да жетті.
Осы жолы үш баланың жүзіннен шынайы күлкі мен мөлдіреген көздерінде бір қуаныштың бары бірден байқалды. Өткен жолы өзге балалардың алдында тартыншақтанып жүрген Нұрлыбек пен Ұланбекте аздап болса да сенімділік бар.
Олар өздеріне бейтаныс, көп кісілдер келіп, түрлі тәттілер мен әдемі киімдерді сыйлап кеткенін айтты. Одан бөлек, бірнеше журналист ағалар сурет пен видеоға түсіріп алды дейді балалар. Үйдің үлкені Ұланбек "Бізге, мамама көмектескен барлық ағалар мен апайларға рахмет", - деп өз тілегін айтты.
Бірнеше күн бұрын "Жалғызбасты ананың үш баласына шұғыл түрде көмек қажет" деген атаумен осы отбасындағы мәселелерді материал етіп жариялаған болатынбыз.
Сол күннен бастап жалғызбасты Аяулымның телефонына тыныштық болмапты. Қазақстанның әр өңірінен азаматтар хабарласып, бірі ақшалай, енді бірі киім, тағы басқалары тамақ жеткізумен болыпты.
Балалар да киім, тамақ, ойыншықтар мен азаматтардың жылы ниеттеріне разылықтарын айтып отыр.
Ал Аяулым болса, түрлі қоңыраулардың ішінде, жағдайын түсініп, көмектескендермен қатар, өзіне балағат сөздердің де айтылғанын жасырмайды. Аяулым "Ақтөбе облысынан бір намазхан кісілер хабарласты. Бізге келсең басыңа үй беріп, үш балаңды бағып, жеткізуге көмектесеміз. Біз мұсылман бауырларымызды далада қалдырмаймыз.
"Ертерек шешім қабылдап, бір жауабын айт", - деген азаматтар да болды дейді. Одан бөлек "Сақал қойып, балағын кескен үш кісі келді. Олар менің адамдар көмектескеннен кейінгі жағдайымды көріп, "сенде бәрі бар, неге мұндай жолмен өмір сүргің келеді" деп сөкті", - дейді Аяулым.
Бірақ Аяулым "Бұл азаматтардың көбісі мәсхаб ұстанбайтын мұсылмандар. Мен олармен еріп кетуге қорқамын", - дейді.
Сондай-ақ, Аяулымның қазіргі қиын жағдайын көріп, қарсы болмасаң қамқорлығыма кел дегендер де табылыпты. Яғни екінші, үшінші әйелдікке аламын деген азаматтар көп хабарласқан.
Бұған дейінүш баланың жалғыз асыраушысы халал-асханалардың бірінде жұмыс істейтінін айтқан болатынбыз. Енді сонда келушілердің көбі Аяулымды танып, түрлі ұсыныстар айтып жатыр екен.
Оның қатты намысына тигені - қазір "Тастақтағы" мешітке түрлі облыстардан білімін көтеру мақсатында имамдар келіп жатыр. Солардың бірнешеуі оған "жүр қонақ үйге барайық", "пәтер жалдап демалайық" деген ұсыныстар жасаған көрінеді.
"Өзімді жабынған жезөкше ретінде қабылдағандарына қатты ренжідім" , - дейді келіншек.
Десе де бұл отбасын түсініп, қолдау көрсеткендер қатары көп болыпты. Тіпті әлі де Аяулымның жағдайын сұрап хабарласып жатқандары көп. Өткен жолы сынып қалған терезенің әйнектерін сондай жанашыр азаматтар жөндеп беріп кетіпті.
Мына төсектер мен сөмке-сөмке киімдерді жанашыр азаматтар әкеліп тастапты.
Үйде балалар жылы отырсын деп электрпешін де қалталы азаматтар алып беріпті.
Аядай ғана бір бөлмелі пәтер азық-түлік пен балалар киіміне толыпты.
Аяулым осы уақытқа дейін ақшалай жүз елу мың теңге жиналғанын жеткізді. Жақын күндері жылы, балаларына жайлы пәтерге көшуді жоспарлап отырғанын айтады.
Ал NUR.KZ ұжымы өз кезегінде барымен бөлісіп, аянып қалмаған оқырмандарына, барша азаматтарға шексіз алғысын білдіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/335478-nurkz-zhagdajyn-zhariyalagan-zhalgyzbasty-anaga-zhyzge-zhuyk-adam-kol-yshyn-sozdy-foto/