Жолда жүру ережесі туралы жаңа заңның жүргізушілерге қолайсыздығы айтылуда

Опубликовано:

Жақында күшіне енген "Жолда жүру ережелері" туралы жаңа заң көлік иелеріне жайсыз деген пікірлер айтыла бастады. Әсіресе, ондағы арнайы белгі болмаса жол жиегіне көлік қоюға болмайтыны немесе жүргізушілердің рұқсатсыз көліктен шықпайтыны, керісінше инспектордың талап етуімен сыртқа шығуы көпшіліктің көңілін күпті қылуда.

Бұның барлығы тәртіп сақшыларының қауіпсіздігі үшін деген алматылық "жолполдықтар" жаңа заңның жаңалықтарын кеңірек түсіндіруге тырысты деп хабарлайды 31 арна.

Көлік жүргізушінің ереже бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі өзгеріссіз қалды деп қуантқан жаңа заңға 20-ға жуық өзгеріс енгізіліпті.

Солардың бірі жүргізушінің көліктен шығу-шықпауына қатысты бап. Бұдан былай темір тұлпар тізгініндегі азамат көліктен шықса да жазықты, шықпаса да жазықты. Яғни, қызметкердің рұқсаты арқылы немесе талап етуі арқылы шығады. Себебі тәртіп сақшысының қауіпсіздігі бірінші орында.

"Жұмыс бабында қайтыс болғандар да бар. Кейбір жүргізушілер көліктен шығып алып, төбелесіп жатады. Біздің қызметкерлерге жарақат келтіріп жатады. Соның бәрін болдырмау үшін осындай заң қабылданды", - дейді Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқарма басшысының орынбасары Жандос Мұраталиев.

Әкімшілік полиция басқармасының мәлімдеуінше, осы жолы айыппұл көлемі өспегені де уақытша құбылыс. Жаңа жылдан бастап ол тармаққа да өзгеріс енбек.

Сонымен қатар,  көліктердің әдемі нөмірлері де сатылымға шықты. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдар таратқан мәлімет бойынша Алматы қаласы бойынша 10 автокөлік нөмірі сатылған еді. Алайда сатылған беделді нөмір саны одан көп екен.

"6,5 миллион теңгенің көлемінде 18 нөмір сатылды. Барлық нөмірлік белгілер бізде бар. Егер нөмір бітіп жатқан жағдайда, біз оны заявка жасап, алдырып отырамыз", - дейді Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Жандулла Шайхиев.

Ең көп сұранысқа ие нөмірлер -  001, 007, 777 екен. Бұлардың бағасы 443 мың теңге болса, екінші деңгейлі көрікті нөмірлер 254 мың теңгеге бағалануда. Оған қоса, бұл мемлекеттік нөмірлерді өмір бойы пайдалануға рұқсат берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/336876-zholda-zhyru-erezhesi-turaly-zhana-zannyn-zhyrgizushilerge-kolajsyzdygy-ajtyluda/