Шашылып жататын адам сүйектері Алматы облысы тұрғындарын шошындырды (фото)

Опубликовано:

Алматы облысына қарасты Кемертоған ауылы Жаңақұрлыс аумағының тұрғындары жол бойында, кейде тіпті, ауласында шашылып жататын адам қаңқаларынан үрейленеді. Айтуларынша, белгісіз адам сүйектерін ауыл иттері мүжіп жүреді.

Қалаберді, үй салынбаған  кей жер телімдерінде адам сүйектері қапталған күйі тұрады. Ауылдықтардың тынышын қашырған жағдайды NUR.KZ тілшісі де көріп қайтқан еді.

Бұл - Кемертоған ауылының сыртқы көрінісі. Ауылға әлі халық толық жайғасып үлгермеген.

Соңғы бес жылда салынған үйлер. Тура осы көшенің келесі беті үй тұрғызылмаған жер телімдері. Адам сүйектері осы жерлерден шығып жатыр.

Ауыл тұрғыны Бақытбек Қошқарбаев  бұл жерлерде екі жыл бұрында адам сүйектері шашылып жатқанын айтады. Белгісіз қаңқаларға байланысты ауылдықтардың бірнеше болжамы бар.

Бірі, 90-шы жылдардағы баукеспелер ісінің ізі десе, тағы бірі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарының мәйіті дейді.

Кейде белгісіз адамдардың сүйектерін ауылдың иесіз иттері сүйреп жүреді екен. Тұрғындар салдарынан ауру тарауы да мүмкін деп алаңдайды.

Адам сүйектері шашылып жатқан аймақта ауылдықтар қой, сиыр бағады екен.

Ауыл тұрғыны Иляс Шойбеков "Бұл сүйектер тірісінде кім болғаны маңызды емес. Бастысы адам ғой. Әкімдіктегілер ұйымдасып, молаға апарып жерлеп тастаса жақсы болар еді. Бұл жерден мектепке балалар өтеді. Қазақтар тұратын ауылда мұндайды байқамау, қол қусырып қарап отыру өте ұят нәрсе", - дейді.

Ал Кемертоған ауылы қарайтын әкімдіктегілер өздері қарайтын аймақта мұндай мәселенің барынан хабарсыз болып шықты. Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Нариман  Ниязбекұлы "Екі жыл бұрын тура сол жерден үш кісінің мәйіті табылған болатын. Өзіміз жақын жердегі зиратқа апарып жерлеген едік. Бұрын соңды ол жерлерде мола болмаған. Жер учаскесі адамдарға үй салу мақсатында пайдалануға берілген", - деп отыр.

Әкімдіктегілер алдағы уақытта ауыл шетінде шашылып жатқан сүйектерді жинап жерлеуге уәде етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/342132-shashylyp-zhatatyn-adam-syjekteri-almaty-oblysy-tyrgyndaryn-shoshyndyrdy-foto/