Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәңгілік Ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы

Опубликовано:

"Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол – көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан Тәуелсіз Қазақстан.

Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн – өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан Ұмытылмас күн! Сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап өтетін Ұлағатты күн! Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасында еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған Ардақты күн!",- деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрында өткен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында. Елбасы біздің жер бетіндегі дербес мемлекет құруға ие болған 193 ұлттың бірі екенімізді, сол себептен тәуелсіздіктің бақытын бағалай білу қажеттігін қадап айтты.

"Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы бірдей тұрақтылық пен татулыққа ұйып, дамудың даңғылына түсе алған жоқ. Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз",- деді Н. Назарбаев.

Ұлт көшбасшысының "Мәңгілік Ел" идеясы – тәуелсіздігіміздің тұғыры. Мұндай пайыммен отандық сарапшылар да келіседі. Мәселен, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың пікірінше, Қазақстан халқы өз болашағын әрдайым Мәңгілік Елмен байланыстыруы керек. Себебі, Елбасының бұл бастамасы – тәуелсіздікті нығайту жолы. "Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Ал тұрақтылық, бірлік және татулық салтанат құрған қоғам тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі бекіте түседі" дейді ол.

Сонымен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Нұртай Сабильянов ұлт мүддесіне ойлаған намысшыл жастардың тоталитарлық жүйеге қарсы шығуы Тәуелсіздікке жол ашып бергенін айтады. – 16 желтоқсан – Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күн.

Сондықтан, бұл қасиетті күнді ерекше атап өтуіміз керек. Ал, 17-18 желтоқсан – бұл көтеріліс болған күн. Ендеше, бұл күндері Желтоқсан құрбандарына құран бағыштап, олардың ерлігіне тағзым еткеніміз жөн. Жалпы алғанда, біз Желтоқсан қаһармандарының ерлігін бүгінгі жастардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастыруға үлгі-өнеге етіп насихаттағанымыз абзал,- дейді Н. Сабильянов.

Мәжіліс депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянскийдің айтуынша, Тәуелсіздік күні мерекесінің рөлі мен маңызы алдағы уақытта арта түседі. Өйткені, ұлы құндылығымыз Мәңгілік Ел идеясының негізін салушы. "Біз еңбектегі ерліктерімізді, еңбек адамдарының табандылығын ұлықтау арқылы да Тәуелсіздік күнінің мерейін өсіре аламыз,- дейді Виктор Владимирович. – Ең алдымен, бұл күні Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарып жүрген жауынгерлер, лауазымды тұлғалар марапатталғаны жөн. Екіншіден, бұл мерекеде еліміздің жеткен толайым табыстарын мақтанышпен айтуымыз қажет. Бәрінен бұрын, Тәуелсіздік дегеніміздің өзі экономикалық, саяси және т.б. тәуелсіздіктерді нығайту.

Себебі, өркендеген өнеркәсіпсіз, алға ұмтылған ауыл шаруашылығынсыз Тәуелсіздік болмайды". В. Киянскийдің пікірінше, желтоқсан айындағы екі үлкен мейрамымыз – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні бірін-бірі толықтырып тұратын атаулы күндер. – Бұл екеуі бір-бірімен ажырамайтын ұғымдар. Себебі, Тәуелсіздіктің бастауында Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ұлт көшбасшысы біздің дамуымыздың стратегиясы болып табылатын Тәуелсіздігімізді сақтау және нығайту жолындағы жауапкершілігі зор бірінші тұлға, - дейді депутат В. Киянский. Әмірлан Әлімжан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/346685-mengilik-el-teuelsizdiktin-omirlik-filosofiyasy/

pixel