Қазақстандық мұғалім қағазбастылық пен "комиссиялардан" шаршағанын айтты
Опубликовано:
Қазақстандағы мұғалімдерге қағазбастылық кедергі болып отыр. Бұл туралы gonzo.kz-ке берген сұхбатында мұғалім Айзат Рақай айтып берген.
Ол сұхбат барысында мектеп мұғалімдеріне кедергінің тым көп екендігін, әсіресе қағаз толтырудан ұстаздардың шаршайтынын айтқан.
"Кедергі тым көп. 45 минут ішінде мұғалім бар зейінімен білім мен тәрбие көрсетуі керек еді. Бірақ соңғы жылдары мұғалім өзінің қасиетті міндеті мен болашақ алдындағы парызын "жүдетіп" жүр. Себептің бірі – қағазбастылық. Шектен шыққан қағаздың құрсауында қалған ұстаз 45 минутының денін сол шимайы көп, берері жоқ қағазға арнауға мәжбүр", - дейді мұғалім.
Шектен шыққан қағаздың құрсауында қалған ұстаз 45 минутының денін сол шимайы көп, берері жоқ қағазға арнауға мәжбүр.
Ол бар уақытын қағаз жазуға арнаған мұғалімнің осыдан соң оқушыларға дұрыс көңіл бөле алмайтынын айтқан. Сонымен қатар, мектепті тексеру үшін комиссияның тым жиі келетіндігін де мұғалім жасырмапты.
"Кез келген комиссияны белгілі бір құжатты ғана тексеруге жібереді. Алайда біздегі "шаш ал десе, бас алатын" кейбір тексерушілер өздеріне берілген құзырлықты асыра пайдаланып, қажетінен тыс құжаттарды "сығалауға", сөйтіп мұғалімнің жүйкесі мен қалтасын жұқалауға шебер. Сондағы назар салып тексеретін құжаттары – сынып журналы, тәрбие жоспарлары, оқушының жеке іс-парағы", - деген Айзат Рақай.
Ол жиі тексерілетін құжаттарда бірізділіктің жоқтығын алға тартқан.
"Құжаттар бірізділігі жоққа тән. Бір мектеп факультатив журналын араб санымен толтырса, енді бір мектеп рим цифрларымен толтырады екен. Құжаттардың ретсіздігі мен жүйесіздігі – тексеруге келер комиссияға "таптырмас олжаның тетігі". Білім және ғылым министрлігі ұдайы тексерілетін құжаттардың толтырылуының белгіленген үлгісін бекітсе екен", - дейді мұғалім.
Айзат Рақай мұғалімдер арасында "Папкасы түгел мұғалім – білімді мұғалім" деген кекесін тіркес пайда болғанын айта келе, өздерінен талап етілетін құжаттар тізімін де тізіп шыққан.
Мұғалімге қажетті құжаттар: сынып журналы, тәрбие жоспары, мұғалім портфолиосы, оқушы портфолиосы, оқушының жеке іс-парағы, мұғалімнің жеке іс-парағы, дарынды оқушымен жұмыс папкасы, нашар оқушымен жұмыс папкасы, әр оқушыға диагностикалық карта, оқушының әлеуметтік жағдайын анықтау картасы мен оны айғақтайтын анықтамалар папкасы, ҰБТ-ға дайындық папкасы, факультатив журналдары, оқушылардың сабаққа келуін тексеру журналы және т.б.
Бүгінгінің ұстазы қағаз кемірген, комиссияның теперішінен аман өтсем-ау деп телмірген қадірсіз біреуге айналған.
Айзат Рақай басшылықтан мұндай қағазбастылықты тоқтатып, мұғалімдер бар уақытын балаға сабақ үйретуге арнауы үшін мүмкіндік беруін сұрайды.
"Бүгінгінің ұстазы қағаз кемірген, комиссияның теперішінен аман өтсем-ау деп телмірген қадірсіз біреуге айналған. Қайткенде қағазға сүйеніп, қағаз деп қақсауды қою, тыю керек деп ойлаймын. Екіншіден, сапалы білім берілу үшін мұғалім бар уақытын, кәсіби өмірін тек оқушыларына арнауы керек еді. Ал бұл жайт қазір керісінше, мұғалім уақытының басым бөлігін тексеруге алаңдап, басшылыққа жалтақтап өткізеді де, ала көңілмен жүріп жақсы сапаға жете алмай келеді немесе жалған мәлімет беріп, жоғары көрсеткішке жеткендей болып жүр", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/351756-kazakstandyk-mygalim-kagazbastylyk-pen-komissiyalardan-sharshaganyn-ajtty/