Ақтауда 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігіт сот алдына келді

Опубликовано:

Ақтаудың 22 жасар тұрғыны 15 жастағы қызбен  жыныстық қарым-қатынасқа түскені үшін сот алдында жауап бермек. Бұл туралы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап Лада порталы хабарлайды.

Олардың мәліметінше, Мұнайлы ауданының 43 жасар тұрғыны полицияға арыз түсірген. Әйелдің айтуынша, 2014 жылдың мамыр айында Б. есімді азамат оның кәмелетке толмаған қызымен жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Егер 15 жасар қызының аяғы ауыр болып қалмағанда анасы бұл жағдай туралы білмейтін еді.

Полицияның айтуынша, бастапқыда қыз анасына болған жайды айтуға қорыққан, кейін іші үлкейіп біліне бастағанда барлық шындықты жайып салған.

Белгілі болғандай, ауылдан келген қыз Ақтау колледждерінің  бірінде білім алған. Ол өзін жыныстық қарым-қатынасқа түсуге итермелеген жас жігітпен облыс орталығында танысқан. Аталған факт бойынша 3 "Б" ықшамауданының 22 жастағы тұрғыны тұтқындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлердің айтуынша, ауылдан оқуға келген студент қыздар мұндай жағдайға жиі тап болады екен.

"Облыстың барлық аудандарынан Ақтауға оқуға студент қыздар келіп, бұл жерде жас жігіттермен танысады. Олар қыздарды пайдаланып, соңында қашып кетіп жатады. Ал кейін қыздардың анасы келіп, полицияға арыз түсіреді. Әрине, біз күдіктілерді тұтқындаймыз, тіпті кейбірі сот алдында жауап берді. Біз жас жігіттерге ескертеміз, кәмілеттік жасқа толмаған жас қыздармен жыныстық қарым-қатынасқа түскендер заң алдында жауап беріп, жазаға тартылады", - дейді полиция мамандары.

Сот алдында жауап беріп жатқандардың көбісі өздерінің жас құрбыларының жасын білмеген және олардың полицияға арыз түсіретінін де ойламағанын айтып ақталады екен. Сондықтан да полицейлер қыздарды төсекке апарардан бұрын ойланғандары дұрыс екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/352990-aktauda-15-zhastagy-kyzben-zhynystyk-katynaska-tysken-zhigit-sot-aldyna-keldi/