СҚО-да мұғалім оқушыларды тыныштандыру үшін психотроптық дәрі берген
Опубликовано:
Солтүстік Қазақстан облысында 4 оқушы дәріден уланды. Ашық сабақ алдында балалар қобалжымасын деген мұғалім оларға аса күшті психотроптық препарат берген деп хабарлайды КТК арнасы.
Дәрі әсерінен айыға алмаған екі оқушы ауруханадан бір-ақ шықты. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр. Светлана Зубарева 4-ші сыныпта өзін өзі тану пәнінен ашық сабақ өткізбек болған екен. 34 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз балалар қобалжымасын деп, дәрігердің рецептімен ғана сатылатын "фенозепам" деген ауыр психотроптық дәріні берген.
"Сырқатпын, дәрігерлер ота жасауға дайындап жатыр. Соның алдында қобалжымасын деп осы дәріні жазып берген еді. Сол күні балалардың өздері мені қоршап алып, бізге де тыныштандыратын дәрі беріңізші деп сұрады. Арты бұлай болады деп мүлдем ойлаған жоқпын", - дейді мұғалім Светлана Зубарева.
18 жасқа дейінгі балалардың пайдалануына мүлдем тыйым салынған препаратты сыныптағы төрт бала ішіпті. Олардың қозғалысы баяулап, мінез-құлықының өзгергенін сол сабаққа қатысқан мұғалімдер де байқаған екен. Қайта-қайта сыртқа сұранған сол оқушылардың бірі ақыры талып құлаған.
"Фельдшерді шақырдық. Сосын мен әкімге хабарласып едім, дәрігерлер келді. Олар балаларды тексеріп екеуін жатқызды", - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Жанар Құрманғожина.
Ауруханада бірнеше күн жатқан оқушының анасы Татьяна Бондаренко қызым әлі күнге дейін оңалған жоқ дейді. Перзентінің кейбір түсініксіз қылықтары анасын әлі де шошытып отыр.
"Мұндай адам педагогика саласында мүлдем жұмыс істемеуі керек. Оның кесірінен қызым жарымес болып қала жаздады", - деп отыр оқушының анасы Татьяна Бондаренко.
Светлана Зубарева бастауыш сыныптарға сабақ беруден шеттетіліп, әзірге зертханашы қызметін атқарып жүр. Ал полиция "денсаулыққа абайсызда залал келтірді" деген баппен қылмыстық іс қозғаған. Қандай да бір шара енді сол істің қорытындысы бойынша қолданылмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/356160-sko-da-mygalim-okushylardy-tynyshtandyru-yshin-psihotroptyk-deri-bergen/