Атырауда балалардың екпеден соң естен тануына кінәлілер табылды
Опубликовано:
Вакцинаның кесірі Атырауға да жетті. Мұнда да қызылшаға қарсы екпе алған балалар ауруханаға түсіп қалды деп хабарлайды КТК арнасы.
Жағдайлары нашарлаған 8 оқушы жедел жәрдеммен жансақтау бөліміне бір-ақ жеткізілген. Олардың төртеуі ем-дом алып үйлеріне қайтты, ал жағдайы ауырлау төртеуі әлі де ауруханада жатыр.
"Таңертең сабаққа барғаннан кейін түскі 12-лерде екпе салды. Үйге барғаннан кейін судорога ұстадым. Сол күні реанимацияға түстім", - дейді оқушы Аманжол Қарымсақов.
Ауруханаға түскендердің барлығының дерлік дене қызулары көтеріліп, бастары айналған. Тамақтары жыбырлап, тыныстауы қиындапты.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы да осыған байланысты мәлімдеме жасап қойды. Олар бар кінәні вакцина емес, дәрігерлерге артып отыр. Өйткені екпе салмас бұрын, баланың денсаулық кітапшасына ешқайсысы қарамаған екен.
Қазір елімізде қызылшаға қарсы екпе салу 2 наурызға дейін тоқтатылып, үндістандық препарат тексеруге жіберілді. Егер мамандар, дәріден кінарат таппаса, вакцинация қайта жалғаспақ.
"Адам факторы бар. Жұқпалы инфекциямен ауырғанына қарамастан екпе салынған. Астмаға шалдыққан балаларға да салынған. Әріптестерімізді жақтап отырған жоқпын. Техникалық бір ақаулар кетті деп өзім ойлаймын", - дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/356873-atyrauda-balalardyn-ekpeden-son-esten-tanuyna-kineliler-tabyldy/