Өскеменде СЭС қызметкерлері иттерді жаппай өлтіруде (фото)
Опубликовано:
Өскемен тұрғындары өлген иттердің фотосын жариялап, дабыл қағуда.
Бұл туралы YK-news.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, санитарлық қызметтен келгендер қаңғыбас иттерді аулап, атып жатыр. Иттер тиелген көліктен жол бойы қан сауғалап ағуда. Иттердің өліктеріне толған жан түршігерлік фотоларды "Защити жизнь" қоғамдық ұйым өкілдері әлеуметтік желіге салған.
Зооқорғаушылардың мәліметінше, белгісіз біреулер қорғансыз иттерді бүкіл қаладан аулап, атып өлтіруде. Олар иттердің денесін пикапқа тиеп жатыр. Тұрғындар ит аулаушылардың иттерді ұстауға тырыспай жатып, бірден атуға кіріскенін айтып шулауда.
"Атыс спорт сарайының артында болып жатыр. Оны көрген барлық адамдар есеңгіреп қалуда! Машинадан қан ағып жатыр. Ұйықтататын оқтар қайда қалды? Тапа тал түсте оқ жаудырып жатыр! Ертең сол оқтардың бірі адамға тимесіне кім кепіл?" – деп жазды "Защити жизнь" ұйымының өкілдері әлеуметтік желіде.
Жануарларды қорғайтын "Дворянин" ұйымының төрайымы Лариса Прокопьева мұндай жаппай өлтіруге билік келісімін берген деген болжам айтуда. Тұрғындарды қаңғыбас иттерден қорғау мәселесіне Өскемен әкімшілігі жауапты.
"Барлығының көз алдында иттерді өлтіру варварлық әрекет. Мен қала прокуратурасына арыз жіберсем де жағдай өзгермей отыр", - дейді төрайым.
Бұл іске жауапты "Өскемен малдәрігер қызметі" мекемесі ресми өтінішсіз түсінік беруден бас тартты. Дегенмен, олар тек пневматикалық қару қолданатынын айтып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/362289-oskemende-ses-kyzmetkerleri-itterdi-zhappaj-oltirude-foto/