Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері қолдарына қайта қару алды (фото)
Опубликовано:
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері қолдарына қайта қару алды. 1941-1945 жылдары майданда серік еткен мылтықтарымен нысана көздеген қарт жауынгерлер әскери дайындықтарын сынап көрді.
Мұндай шара Алматы облысындағы әскери алаңдардың бірінде Жеңістің жетпіс жылдығына орай ұйымдастырылды.
Құралайды көзге атқан мергендердің өнерін NUR.KZ тілшісі де тамашалап қайтқан еді.
Бұл - тоқсанға келген екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Василий Зенчинка. 1942 жылы соғысқа небәрі 17-ақ жасында аттанған қарт майдангердің мылтық ұстаған қолы әлі де болса қалтырамайды. Оның дәлелі ақсақал төрт оқ атып, үшеуін нысанаға дәл тигізді.
"Бұрындары он оқ атсам бәрін тигізетін едім. Қазіргі нәтижемді өздеріңіз көріп тұрсыздар", - деп жымиды ардагер.
Сондай-ақ, ардагер соғыста Воронеж қаласын азат етудегі, Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысқанын есіне түсірді.
"Мен қаруды ең алғаш бозбала кезінде көрдім. Яғни соғысқа аттанғанда. Бірінші рет Воронеж қаласын алғанда жараландым. Біраз уақыт госпитальда жатып жазылып шықтым. Қазіргі өскелең ұрпақ осы бейбіт заманның қадірін білуі керек деп ойлаймын", - дейді Василий Зенчинка.
Бұл шараға жиналғандар заманауи қорғаныс құралдарымен танысты. Әрі соғыс кезіндегі мосин мылтығы, Максим пулеметі, ТТ тапаншаларын тағы бір мәрте қолдарына алып, фашистерге қарсы жорыққа аттанған сәттері туралы әңгімеледі. Тіпті, олардың арасында соғыста айтылған әнді шырқағандары да болды.
Жалпы Алматы қаласында 500-ге жуық ардагер болса, Іле оқу жаттығу полигонында өткен бұл шараға соның төртеуі ғана қатысты.
Аэроұтқыр әскерінің сымдай тартылған сарбаздары бөлімшеге қонаққа келген майдангерлерге алғыстарын білдіріп, құрмет көрсетті.
Осылайша, бұл шара ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Алдағы уақытта Жеңіске, соғыс ардагерлеріне деген құрмет басқа әскери бөлімшелерінде жалғасын таппақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/363557-ekinshi-dyniezhyzilik-sogys-ardagerleri-koldaryna-kajta-karu-aldy-foto/