Қазақстандықтарды ұлттық нақыштағы киімдерді киюге шақырды
Опубликовано:
Мамандардың айтуынша, ұлттық киімдерді жұрт күнделікті киетіндей тұрмыстық қажеттілікке айналдыруға болады. Ал жастар жағы олай киінуге "ыңғайсызданатындарын" айтуда.
Журналист Серікбол Хасан бала кезден бастап қазақша тақия киіп келеді. Оюмен көмкерілген киізден жасалған көкшіл тақиясын ол арнайы жәрмеңкелерден таңдап жүріп сатып алған екен. Оның айтуынша, "киізден жасалған мұндай тақиялар керемет ыңғайлы" екен.
Журналистке қызығушылық танытқан көп адамдар жаз уақытында тақия ыстық тартпай ма деген сауалды жиі қояды екен. Ол әзілдеп: "Тақия тоңазытқыш сияқты, сырттан қатты ыстық ұрса, ол ішінен соншалықты салқын болып тұрады" деп жауап береді екен.
"Шын мәнінде қатты салқын да болмайды, қатты ыстық та болмайды. Басқа жайлылық береді", - дейді ол.
Журналист үшін тақия тек бас киім ғана емес, "ұлттық иммунитетті сақтап тұратын құрал", сондықтан "жүрген жерінде ұлттық нақышта киім киюді үнемі насихаттап жүретінін" де айтады.
Қазіргі кезде сәукеле, бүрмелі көйлек, камзол, шапан, бөрік сияқты қазақ халқының ұлттық киімдері тек мереке-мейрамдарда, той-думандарда киетін ерекше киім үлгілеріне айналған. Оларды күнделікті өмірде ешкім кимейді. Әйткенмен қазіргі уақытта ұлттық нақышы бар, заманға бейімделген киім түрлері шығып жатыр. Дәл осындай үлгідегі киімдер сатумен айналысатын кәсіпкер Бақыт Құсайынқызының айтуынша, өкінішке қарай, қазақы үлгіде киім тігумен шұғылданатын дизайнерлер өте аз.
"Тігіншілер аз, бізде дизайнерлер бар, зауыты бар, бірақ істете алмай отыр. Жастар келмейді, келіп біраз үйренеді де, кетіп қалады. Өте жалқау біздің қыз-ұлдарымыз. Олар өздері талпынса, өнерлерін паш етсе", - дейді кәсіпкер.
2002 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келген кәсіпкердің айтуынша, "бұл тұрғыда қытай қазақтары алға кетіп қалған".
Олар әлеуметтік желіде өздерінің жұмыстарын көпке көрсетіп, пікірлерін біліп отырады. Алайда көптеген азаматтар мұндай үлгідегі киімдердің қымбат екенін айтады
Ұлттық стильдегі киімдерді жаңғыртуға тырысып жүрген дизайнерлер Қазақстанда да бар. Бұл ретте жас дизайнер Ая Бапани, Салтанат Баймұхамедова, Мүслім Жұмағалиевтерді атауға болады. Олар әлеуметтік желіде өздерінің жұмыстарын көпке көрсетіп, пікірлерін біліп отырады. Алайда көптеген азаматтар мұндай үлгідегі киімдердің қымбат екенін айтады.
Бір мәселе бағада болса, екінші мәселе – олардың аздығында. Ұлттық нақышта киінгенді ұнататын Алматы тұрғындары Анар Тоқсанбекова және Самат Әкімбаев мұндай киімдерді кез-келген дүкеннен таба алмайтындықтарын айтады. Олардың ойынша, егер ұлттық нақышта киім шығаратын тігінханалар көбейсе, онда уақыт өте келе қазақы киімдердің бағасы арзандап адамдар көбірек киетін болады.
"Алтынның қасиеті аздығында" демекші, ұлттық киімдердің күнделікті өмірге бейімделіп, арзан, құнсыз болып кеткенін қаламайтын мамандар да бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/364366-kazakstandyktardy-ylttyk-nakyshtagy-kiimderdi-kiyuge-shakyrdy/