Алматыда 4 айлық баланы қағып өлтірген мас әйел бар кінәні көлік иесіне жапты
Опубликовано:
Алматыда 4 айлық баланың қазасына кінәлі көлік басқарған мас әйел бар кінәні көлік иесіне жаппақшы болды деп хабарлады КТК арнасы.
Қайғылы оқиға Қалқаман ықшамауданында кешке болған. Ащы судан ұрттап алған екі әйел бір-біріне көлік айдауды үйретіп жүріпті. Сөйтіп желіккендердің әрекеті 3 адамды қағып, 2 көлікті талқандаумен аяқталған. 4 сәуір күні кішкентай Дарияна Маликтің денесін туыстары жер қойынана тапсырды. 15 жастағы Карина Кулиева мен 69 жастағы Ақылбек Бекбатыров ауруханада жатыр.
Сәби анасымен Қалқамандағы туыстарының үйіне қонаққа келген екен. 15 жастағы Карина 4 айлық Дариянаны арбаға салып, сыртқа шыққан. Осы сәтте ары-бері шайқалған «Тайота Раф4» көлігі есік алдындағы екеуін екі жаққа ұшырыпты. Ауыр соққыдан шақалақ сол жерде шетінесе, Карина Кулиева есін ауруханада жиған.
"Қаққан кезде Дарияна арбадан жоғары қарай ұшып, талдардың арасына барып құлап, ауызы-мұрнынан қан кетіп, көз жұмды. Ал Карина жол шетінде жатты. Қазір ол ауруханада. Көргендер екі келіншектің мас жүргенін айтты. Газ құбырына да келіп соғылған", - деді Маликтің туысы Зихра Әлиева.
Туыстары кішкентай Дариянаны жерледі. Қайғы жұтқан отбасы енді екі келіншектің жазасы қатаң түрде берілсе дейді. Солай болуын осы оқиғадан зардап шеккен тағы бір отбасы да тілейді. Мас арулар қызыл "Фольксвагеннің" иесін де ауыр жаралапты. 69 жастығы Ақылбек Бекбатыров қазір ауруханада жатыр.
"Тоқтап тұрғанда жоғары жақтан келген машина ұрған. Мен көрген жоқпын, көршілер шақырды. Бері қарап тұрған машина ары қарап қалған. Жанына барсам, беті қан. Басы жарылған, кеудесі қысылған. Жедел жәрдем әкетті", - дейді Бекбатыровтың жұбайы Жолдыбала Бекбатырова.
Көше жағалай көлік пен адам қаққан екі мас құрбыны полиция келіп сабасына түсіріпті. Бірі 34, бірі 32 жастағы келіншектер қазір қамауда. Тергеуге алынғанда, екеуі бір отырыстан ішіп шыққандарын айтыпты.
Ащы су бойыларын қыздырып, көлікке отырған. Машинаның иесі құрбысына оны жүргізуді үйретпек болыпты.
Полицияда есін жинаған келіншектер кінәні бір-біріне жаба салуға тырысқан. Көлік иесі құрбысына көлікті басқаруға рұқсат бергенде оның куәлігі мен көлік жүргізу тәжірибесі жоқтығын білмедім деп шыққан.
"Рөлге отыруға бұрыннан сұранатын. Ішіп алған. "Жарайды, қаласаң отыр" дедім. Ол рөлге отырып, қағып кетті. Газ бен тежегіштің орнын шатастырып алды. Газға басумен ғана болды. Мен оған тоқта деп айқайлаумен болдым!", — дейді көлік иесі Есенбаева Айгүл.
Екінші келіншек 34 жастағы Зира болса жағдайды өзгеше түсіндірді.
"Біз көлік қожайынымен бірге ішіп алдық. Ол мені көлік жүргізуге үйретемін деді. Мен алғашқы көлікке соқтығысып қалғаннан кейін, ол көліктің рөліне өзі отырды. Кейін көлік иесі өзге көлікті соғып, нәрестенің арбасын қағып кетті", — деп түсіндірді апат кезінде көлік басқарған Зира Серікбаева.
Тергеушілер рөлде көлік иесі отырмағанын анықтап үлгерді. Дегенмен, көлікті өзгеге басқаруға рұқсат еткен Есенбаева да жазадан қашып құтылмайды. Мас құрбысына тізгінді берген әйел 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Олар бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен құтылуға әрекет жасауда. Бірақ бұл тиесілі жазасын алуға ешбір кедергісін тигізбейді. Азаматшалар міндетті түрде жауап беретін болады", - деді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Егер қылмыстары дәлелденсе, күдіктілер кемі 12 жылдан арқалуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/748169-almatyda-4-aylyq-balany-qaghyp-oltirgen/