ОҚО-да жүкті боп қалған 8-ші сынып оқушысы сірке суын ішіп өлмек болды
Опубликовано:
Оңтүстік Қазақстанда жүкті боп қалған 8-ші сынып оқушысы сірке суын ішіп өлмек болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Құдай сақтап, өзі де, құрсағындағы сәбиі де дін аман. Осыдан кейін ұстаздар шұғыл жиын өткізіп, жүкті қызды да, оның құрбыларын да «жеңіл жүрістілер» деп масқаралаған көрінеді. Енді жасөспірімдер мектепке бармай жүр.
Сарыағаш ауданының Еңкес ауылындағы мектепте күнде жанжал. 8-ші сынып оқушысы Мәдина жүкті екенін біліп, сірке суын ішіп ауруханаға түскен. Мұғалімдер бірден жиналыс ашып, екіқабат қыздың құрбыларын да «бұзылған» деп масқаралапты. Енді жасөспірімдер мектептен безіп отыр.
"Барғым келмейді ол жерге. Балалар сөйлейді. Сол күннің өзінде ауырып жүргем. Балалар сендер де қыз емес екенсіңдер ғой деп айтты. Гинеколог тексереді деп күлді. « Қыз емессің» деп Гүлнар апай айтты", - дейді 8 сынып оқушысы Фатима Хасанова.
Осы оқиғадан кейін мектеп ұжымы да жікке бөлінген. Оқушылардың бетімен кеткенін ұстаздар енді бір-бірінен көріп жатыр.
"Бәленің бәрін істеп отырған сендер. 32 мұғалім сабақта ақша алады. Сендер неғып тұрсыңдар. Бұл жерде барлық нәрсені ұйымдастырып істегенсіңдер.
Жиналған мұғалімдерге сес көрсеткен бұл кісі ұстаз емес, дәл сол «қыз емессіңдер» деп айыптаған Гүлнар Қошанованың туған інісі екен. Ал жеткіншектерді қарабет қылды деген педагогтың өзі қан қысымы көтеріліп ауруханада жатыр.
"Етек-бастарыңды жинап жүріңдер дедім. Оларға кеше мен барсам сіз маған «қыз емессің» деп айттыңыз дейді. Мен айта алмаймын. Менің аппаратым жоқ, қыз-қыз еместігін тексеретін", - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қошанова.
Алайда, Қошанова мектептегі қыздарды тексерту үшін гинекологты шақырғысы келгенін растады. Себебі, екі жылда мектеп қабырғасында жүріп алты бойжеткен жүкті боп қалған.
Оқу жылы аяқталып қалса да, үш қыздың мектепке келуі екіталай. Әуелі өкпелеткен ұстазы оқу ордасынан кетсін деп отыр. Сірке суын ішкен оқушы қыздың тұрмыс құрғалы жатқанын ескерсек, ол мектепке енді мүлдем келмеуі де мүмкін. Ал 5 айдан бері директор тағайындалмаған мектептің мұғалімдері болса жік-жікке бөлініп, бір-бірімен соттаспақшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/764146-oqo-da-zhukti-bop-qalghan-oqushy-qyz-sirke/