Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейде 28 панфиловшылар ерлігін қиял деп атады

Опубликовано:

Ресейдің Мемлекеттік архив директоры Сергей Мироненко 28 панфиловшылар ерлігін қиял деп атады. Бұл туралы ол Мәскеудегі Ресей баспасөзінің халықаралық конгресінде "Радио Свободаға" мәлімдеді.

"Қиялға сенуді қою керек. Дубосеков түбінде 50 неміс танкілерін тоқтатқан ешқандай да 28 панфиловшылар болған емес. Және "Ресей - ұлан-ғайыр, бірақ шегінерге жер жоқ – арқамызда Москва!" деп Клочков айтты деген де жалған. Бұл сөздерді "Красная звезда" басылымының әдеби хатшысы Александр Кривицкий ойдан шығарған. Ерлік тарихын да ойдан шығарған. Мұны әскери прокуратура 1948 жылдың өзінде анықтаған болатын. Алайда, расымен шегінерге жол болмағасын материалды құпия етті: аңыз елде өз тіршілігін бастап кетті", - деп мәлімдеді Мироненко.

Мироненконың бұл мәлімдемесін тыңдармандар әрқалай қабылдады. Ресейдің мемархиві директорының көзқарасын ТАСС директорының орынбасары әрі орыс баспасөзнің халықаралық конгресі басшысы Александр Клейн қолдап шықты.

Сол арада, конгреске келген қазақстандық баяндамашы бұл ерліктің куәгері барын алға тартты.

"Мен Қазақстаннан, Астанаданмын. Бізде бұл ерліктің куәгері, Кеңес үкіметінің батыры бар. "Дубосеков" стеласы бар – ол алынып тастала ма?", - деп сұрады қазақстандық.

"Шындықты айту – менің адамгершілік жауапкершілігім. Бұл зерттеулерді айтқаным үшін маған патриот емессің дегендер де бар. Не істейін! Шындықты айту қашан да ауыр", - деп оған жауап қайтарды Мироненко.

Өз кезегінде Латвиядан келген журналист баяндамашы Мироненкодан адамгершілік жауапкершілігі туралы сұрады.

"Сіз Дубосектар туралы шындықты жария етіп, осы ерлікті құрмет тұтатын Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын сұраққа қоюыңызбен өз адамгершілік жауапкершілігіңізді сезіне аласыз ба?! Сіз екі ел қарым-қатынасына қаншалықты қаяу түсіріп тұрғаныңызды түсінесіз бе?!", - деп сұраққа алды журналист.

Айта кетерлігі, іс-шараға бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстан жайлы арандатушылық ақпар таратқан "Эхо Москвы" радиосының бас директоры Алексей Венедиктов та қатысқан.

"Панфиловшылардың жоқ болғанын естігенде, мен де есеңгіреп қалдым. Біз мектепте 28 есімді жаттап жүретінбіз. Бірақ түсіне білу керек. Егер олар болмаса – шынымен болмағаны. Шындық қашан да ашылады. Егер құжат бар болса оны жария ету керек", - деп мәлімдеді Венедиктов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/785684-reseyde-28-panfilovshylar-erligin-qiyal-d/