"Су бөгені жарылды" деп хабар таратқандарға іздеу жарияланды

Опубликовано:

Алматыда Қарғалы өзенінде орын алған сел тасқыны жайлы әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылады деп хабарлайды Қазақпарат.

 

Бұл туралы бүгін Алматыда қаласында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек мәлім етті.

«Қазір Алматы қалалық ішкі істер департаментінде арнайы тергеу оперативтік тобы құрылды. Бұл топ сел тасқыны жайлы ұялы телефондар және әлеуметтік желілер арқылы таратылған жалған ақпараттарды, бейнекөріністер мен фотосуреттерді зерттеп жатыр. Жалған ақпараттарды таратушылардың аты-жөндері анықталып, олар жауапқа тартылатын болады. Мұндай жалған ақпараттарды тарату Қылмыстық Кодекстің 274-ші бабының 2-ші тармағы бойынша қылмыстық әрекет болып табылады. Яғни, заң бойынша мұндай ақпараттарды таратушыларға қатысты 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар ол қазір сел тасқыны болған аймақта қазір полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.

«Қазір сел тасқыны болған аймақта барлығы 500-ге тарта полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өз міндеттерін атқарып жатыр. Оқиға аймағына бірқатар бақылау пункттері орнатылды. Қазіргі сәтте қандайда да бір қылмыстар немесе қараусыз қалған үйлерді тонау әрекеттері тіркелген жоқ», - деді баспасөз хатшысы.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті әлеуметтік желі арқылы "су бөгені жарылғаны" туралы хабар таратқан адамдарға іздеу жариялаған. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқынбаев бүгін брифингте мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық.

Ішкі істер басқармасы әлеуметтік желі арқылы "бөген жарылғаны" туралы ақпарат таратып, халықты үйлерін тастап кетуге шақырғандарды анықтап, оларды жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартпақ.

23 шілдеде түнгі сағат үш шамасында Қарғалы өзені арнасынан асып, Алматының Наурызбай ауданы аумағында сел жүрген.

Жергілікті ақпарат құралдары сел Алматыдағы Жандосов пен Яссауи көшелерінде, Дружба мен Ақжар кентінде жүргенін хабарлады.

Селден 200-ден аса адам эвакуацияланып, Наурызбай аудандық әкімдігі мен 176-мектепке орналастырылған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті екінші рет сел қаупі жоқ деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/828228-su-bogeni-zharyldy-dep-khabar-taratqand/