RU

Қызылордада үйі өртеніп, денесі күйген кейуана адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр (фото)

Қызылордада үйі өртеніп, денесі күйіп қалған қарт әжей адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Осыдан бір жыл бұрын Зейнеш Әшілованың үйінде қайғылы оқиға орын алды. Үйінде түскі ас дайындап жатқан кейуана газдың исін сезеді. Алайда, тілсіз жау ас бөлмені түгелдей жалмап, қарт әжей өрттен әрең қашып үлгереді. 63 жастағы қария ұлымен бірге өртпен күресуге тырысады. Әйтсе де, оның денесінің біраз бөлігін күйік шалады.

Оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем қызметкерлері күйік тез жазылып кететінін айтып, әжейді ауруханаға апармаған. Алайда, денені шалған күйіктің дерті күн сайын ұлғайып, Зейнеш Әшілова бір жарым ай бойы ауруханада жатады.

«Мен ауруханаға жатып шықтым. Бірақ құлан-таза айығып кетпедім. Қолтығымда күйіктен қалған үлкен жырық бар. Дәрігерлер маймен сылай бер дегеннен басқа ештеңе айтпайды», - дейді кейуана.

Бүгінде Зейнеш әжей ұлымен бірге адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Газ болғанымен, газ плитасы жоқ. Электр жарығы мүлдем жоқ.

Көршілерінің айтуынша, әжейдің үйінде азық-түлік жоқ. Бір қап күріш пен азғантай картоп қана бар. Есесіне, дәрі-дәрмек тау төбе болып үйіліп жатыр. Денесіндегі күйікке қоса, қант диабеті де кейуанаға дерт болып жабысқан.

Ал оның зейнетақысы бар болғаны 35 мың теңге.

«Екі қызым 2002 жылы қайтыс болып кеткен. Ұлым жұмыс таба алмай жүр. Бізбен ешкімнің шаруасы жоқ. Шенеуніктерді тіпті айтпасаңдар да болады. Көршілер көрпе берген, соны төсеп алып далада жатамыз. Олар өздерінің маңызды шаруаларын шешіп жатқан болар», - дейді Зейнеш Әшілова.

Әжейдің ауыр жағдайы туралы әлеуметтік желі қолданушысы Ғалия Әкімбаева жазған. Ол қараусыз қалған кейуанаға көмектесетіндер табылады деп үміттенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/830692-qyzylordada-uyi-ortenip-denesi-kuyip/